ЦДИАӨМ-де өткен ведомствоаралық комиссия алаңында Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мәселелері талқыланды

ЦДИАӨМ-де өткен ведомствоаралық комиссия алаңында Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мәселелері талқыланды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің төрағалығымен 2023 жылдың 26 қазанында Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткізілді, онда жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде азаматтардың табыстары мен мүлкі туралы декларация беру рәсімдерін оңайлату, отбасыларға жәрдемақы төлеуді жалғастыру үшін университеттер мен колледждерден жыл сайынғы анықтамалар беруді болдырмау жөніндегі шаралар бекітілді, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ұсыныстары талқыға салынды.

Жиында мемлекеттік деректер базасын интеграциялауға қатысты шаралар да  қозғалды. Бұл – зияткерлік меншік объектілерін, бағалы қағаздарды, үлестік құрылыс шарттарын және т.б. қоса алғанда, кірістер, мүлікті сатып алу (алу) және иеліктен шығару туралы мәліметтерді толтыру қажеттілігін болдырмай, кірістер туралы декларацияны тапсыру процесін жеңілдетуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Ал келесі жылы күтілетін маңызды өзгеріс – кіріс туралы декларацияны сауалнама форматында бір парақта ұсыну.  

Азаматтардан сұрақтарға жауап беру ұсынылады, сондай-ақ, егер басқа қосымшаларды толтыру қажеттігі туындаса, жүйе оны автоматты түрде анықтайды. Мемлекеттен тыс жерде жүзеге асырылатын басқа да кірістер мен операциялар болмаған жағдайда, мұндай қосымшаларды толтыру талап етілмейді. Бұл өзгерістер азаматтар үшін рәсімдерді жеңілдетуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және салық есептілігін тапсырудың ыңғайлылығын арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ, отырыста отбасыларға жәрдемақы төлеуді жалғастыру үшін университеттер мен колледждерден ұсынылатын жыл сайынғы анықтамаларды алып тастау туралы шешім қабылданды.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын 18-23 жас аралығындағы студенттер жыл сайын мынадай жәрдемақыларды алу үшін анықтамалар ұсынады:

  1. Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 257 бұйрығы);
  2. Көпбалалы отбасыға жәрдемақы тағайындау (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы № 169 бұйрығы);
  3. Асыраушысынан айырылған жағдайда, әлеуметтік төлемді тағайындау (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 239 бұйрығы);
  4. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 227 бұйрығы).

Оқу орнынан анықтама алу үшін студент ЖОО-ға «Студенттерге қызмет көрсету орталығы» арқылы жүгінеді. Анықтамаға қол қойылады, сканерленеді және студентке электрондық поштаға (қалауы бойынша) жіберіледі, қажет болған жағдайда, түпнұсқасы ұсынылады. Анықтамадағы студенттің оқыған кезеңі көрсетілген мәліметтер оқу фактісін растайды.

Бұл ретте, оқу туралы тиісті мәліметтер мемлекеттік деректер базасында бар. Осы жылдың соңына дейін барлық ақпараттық жүйенің интеграциясы аяқталады. Жұмыс қорытындысы бойынша, жоғарыда аталған барлық 4 жәрдемақы проактивті форматта ұсынылады.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы көтерген мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы проблемалық мәселелер, атап айтқанда, нәтижелері адами факторға тікелей байланысты болатын сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестерінің реинжинирингі талқыланды.