«Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы қабылданды

«Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы қабылданды

Парламентте «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы қабылданды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі әрбір қазақстандық үшін жинақ шот ашылмақ. Оған Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын аударылып отырады.

Ұлттық қор қаражаты білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдаланылады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады.Егер азамат осы уақыт ішінде қаржыны пайдаланбаса, жиналған ақша зейнетақы шотына аударылады.  

Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бала кәмелетке толғанша оның шотына 3500 доллар жиналады. Бір жылда шотқа орташа сомада 150-160 долларды түседі.

Қазір ресми деректер бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 6,7 млн адам.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты жобаны іске асыруды ұсынған болатын. Бұл жоба - өскелең ұрпақтың ересек өмірге нақты жолдама алуына бағытталған алғашқы қадам.

Фото: ашық дереккөзден