12-13 қазанда Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық форум – Digital Bridge 2023 өтуде. Форумның негізгі тақырыбы – қазіргі әлемдегі жасанды интеллекттің рөлін талқылау – Artificial and Human Intelligence: The right balance.
Ұйымдастырушылар – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі.
Жылдың басты IT-оқиғасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, халықаралық IT-қоғамдастық көшбасшыларының, технологиялар саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылардың, цифрлық әзірлемелер саласындағы мамандардың қатысуымен өтуде. Сондай-ақ, форумға IT-компаниялар, венчурлік инвесторлар, технологиялық кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысуда.
Форумның бірінші күні Мемлекет басшысы EXPOхалықаралық көрме орталығындағы Стартаптар аллеясында болды, онда Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Моңғолия, Қазақстанның 100-ден астам технологиялық стартапы өз жобасын қазылар алқасы, форум қатысушылары мен әлеуетті серіктестер назарына ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев форум жұмысына қатысып, пленарлық отырыста сөз сөйледі. Оған сондай-ақ белгілі венчурлық инвестор Тим Дрейпер, әлемдегі ең ірі ICPC бағдарламалау жарысының негізін қалаушы Билл Паучер, сценарист және продюсер Джеймс Баррет, т.б. әлемдік деңгейдегі спикерлер қатысты.
«Кейінгі бес жылда бұл форум IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналды. Биыл Digital Bridge форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар. Әдеттегідей Форумға қызығушылық жоғары. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
https://instagram.com/digital_ministry_kz?igshid=MzRlODBiNWFlZA==
https://www.facebook.com/MDAI.KZ?mibextid=9R9pXO
https://youtube.com/@digitalministrykz?si=HVpY1NLIqzZkImcb
https://t.me/digital_ministry_kz