Халық әртісі Жібек Бағысованың өнердегі жолына 65 жыл толуына орай «Алло, мама...» драмасы қойылды

Халық әртісі Жібек Бағысованың өнердегі жолына 65 жыл толуына орай «Алло, мама...» драмасы қойылды

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының XXVII театр маусымы Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысованың өнердегі жолына 65 жыл толуына орай «Алло, мама...» драмасымен ашылды.

Бар ғұмырын театр өнеріне арнап келе жатқан сахнагер Жібек Есекеқызының есімін ұлықтау, оның өнердегі өшпес ізін дәріптеу іс-шараның басты мақсатына айналды.

Сахнадағы алғашқы еңбек жолын 1959 жылы Талдықорғандағы қазақ театрынан бастаған жас өрен-жауқазын қыз Жібек Есекеқызы 1960 жылы Қызылордаға көшірілген театр құрамында Сыр өңіріне қоныс теуіп, осы өлкенің сырбаз көрермендері алдында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті.

Өнердегі өз қолтаңбасын қалыптастырып, өзіндік жолдың өрелі асуларын бағындырған танымал өнер тарланы 1995 жылдан бері қарай Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ақ жаулықты, ақ самайлы анасы болып, абыройлы да ардақты қызмет атқарып келеді.

Қазақ драматургтерінің айтулы шығармаларымен қатар шетел қаламгерлерінің даңқты пьесаларында бір-біріне ұқсай бермейтін аналар бейнесін, әйелдер образын, қыз тағдырын бейнеледі.

Театр сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Қарагөз, «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысындағы» Ақтоқты, Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен ажалындағы» Ажар, Дулат Исабековтің «Әпкесіндегі» Қамажай, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Әлиман мен Толғанай, У.Шекспирдің «Король Лиріндегі» Регана қатарлы сандаған образдарды сомдап, өшпес бейнелер қалыптастырды.

Киелі сахнаның өзіндік биігіне қол артқан жас актрисаға 1967 жылы «ҚазССР-інің еңбек сіңірген артисі», 1980 жылы «Қаз ССР-інің халық артисі» құрметті атақтары беріледі.

Іс-шара барысында Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлы өнер иесіне ыстық ықылас тілектерін арнады.