Тілдерді дамыту – басты міндеттердің бірі

Тілдерді дамыту – басты міндеттердің бірі

Аймақ аумағында тіл саясатын іске асыру қай деңгейде орындалуда? Оқыту орталықтарының материалдық базасы заманға сай жабдықталған ба? Короновирус індетіне байланысты қашықтықтан оқыту жүйесі қалай іске асырылмақ? Осы және өзге де тақырыптар облыс әкімдігінде өткен селекторлық кеңесте талқыланды.

Осы жылы облыста тіл үйрету бағытында тындырылған тірліктер толайым. Оқыту курстарына жазылған тыңдаушылар да молайған. Бұл көрсеткіш, әсіресе, аудандарда оң сипатқа ие. Мемлекеттік тілден бөлек, өзге тілдерді меңгеруге мүдделі тұрғындар тізімі де едәуір толыққан.Облыста тілдерді оқыту инфрақұрылымында заманауи әдістемелік және техникалық құралдармен қамтылған 20 тілдерді оқыту орталықтары бар. Нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, соңғы 3 жылда 23 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді меңгеріп алды. 

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардан 6370 мемлекеттік қызметші мемлекеттік тіл тақырыбына арналған тестке қатысты. Бейімбет Майлин, Жітіқара , Ұзынкөл аудандары мен Арқалық қаласы тілдерді дамытуға аз бөлетін аймақтар. Ал Рудный қаласы мен Федоров, Алтынсарин, Меңдіқара аудандарының бұл салада атқарып жатқан жұмыстарын облыс әкімі жақсы деп бағалады.