Бүгін Ақтөбеде өңірлік IT Hub ашылды. Бұл үкіметтің, Astana Hub-тың, өңірлік билік пен демеушілердің қолдауымен құрылған оныншы жоба. Олардың мақсаты – технологиялық кәсіпкерлікті насихаттау, стартап-мәдениетті қалыптастыру, IT-саланы және цифрлық білім беруді Астана мен Алматы сияқты мегаполистерде ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де дамыту.
Өңірлік IT Hub – бұл стартаптарды, IT-мамандарды дамытуға арналған бірыңғай экожүйенің бөлігі, сондай-ақ технологиялық командаларға арналған эксперименттік алаң, онда салалық форумдар, бизнес-дебаттар, воркшоптар, венчурлік инвесторлардың, ірі бизнестің және технологиялық стартаптардың қатысуымен инновациялық тақырыптар бойынша іс-шаралар өткізіледі. Ақтөбе облысында Білім Ланд, Білім Ал, Minecraft education, Couorsera сияқты цифрлық платформалар арқылы цифрлық білім беру бағдарламаларына байланысты жобалармен облыстың барлық оқу орындарының оқушылары қамтылады, олар – 404 мектеп, 41 колледж және бес жоғары оқу орны. Сонымен қатар, олар Astana Hub-тың білім беру және акселерациялық бағдарламаларынан өтуге мүмкіндік алады.
«Біз қазір ауқымды прогресс пен цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз және бұл прогресстен артта қалмауымыз керек. Сол себепті, біз Astana Hub-ты құрдық және салықтар бойынша бұрын-соңды болмаған преференциялар ұсындық, тіркеу рәсімдерін жеңілдеттік және олардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Енді бұл тәжірибенің аясын кеңейту маңызды. Бүгінде Қазақстан бойынша осындай сегіз орталық ашылды, жыл соңына дейін тағы алтауын ашамыз. Әр қалада осындай орталықтар болуы керек, оларға тек қалалық қана емес, ауыл жастары да тартылады. Болашақта олар біздің экономикамызды цифрландыруға негіз болады», – деді IT Hub Aqtobe-нің ашылу салтанатында премьер-министр Әлихан Смайылов.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин өз кезегінде стартап-индустрияны дамытуға өңірлерді тартудың маңыздылығы туралы айтты.
«Бұған өңірлерді міндетті түрде тарту қажет. Стартап-индустрияның дамуы айрықша маңызды, кейін біз оларды Силикон алқабына және шетелдік экспортқа бағдарлануы үшін басқа да елдерге жібереміз. Бұл жерде инновацияларға дем беру үшін әкімдік пен бизнес қолдау көрсетуі қажет», – деп атап өтті Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.