2020 жылдың соңында кеңжолақты Интернетке қосылған ауыл саны 5 163-ке жетеді

2020 жылдың соңында кеңжолақты Интернетке қосылған ауыл саны 5 163-ке жетеді

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

"Еліміздегі 118 қала мен 4 235 ауылдық елді мекеннің тұрғындары, бұл шамамен 18 млн. адам, қазірдің өзінде 3G/4G байланысын пайдалана алады. Ол үшін ел басшылығының тапсырмасы бойынша байланыс операторлары бүгінде 2 ірі ауқымды жобаныжүзеге асыруда", - деді Асқар Жұмағалиев.

Бірінші жоба – талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ КЖҚ) салу. "Қазақтелеком"АҚ мен "Транстелеком"АҚ және "SilkNetCom"ЖШС бірлескен консорциумы  "оптиканы"  осы жылдың соңына дейін 1 250 ауылға жеткізуі тиіс. 20 сәуірге  "оптика" желісі 637 ауылға жүргізілген.

"Қазақтелеком" АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев, компания бүгінде 373 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосқан.

"Елімізде енгізілген төтенше жағдай мен карантиндік шараларға қарамастан, жұмыс кестеге сәйкес жүруде. 828 ауылдың 400-і сәуірдіңсоңына дейін, алтағы 50-ге жуық елді мекенді мамырдың соңына дейін қамтымақпыз. "Оптика" желісін салу Қазақстанның он облысында жүргізілуде", - деді Қуанышбек Есекеев.

"Қазір 261 ауылды Интернетке қостық. 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін тағы 168 ауылды қосамыз.Осымен жобаны 100% орындаймыз. COVID-19 пандемиясына байланысты әлемдегі және Қазақстандағы күрделі жағдайға қарамастан жұмысты мерзімінде аяқтайтынымызға сенімдімін", - деді "Транстелеком"АҚ Басқарма төрағасы Жанболат Надыров.

Бірінші жоба аясында салынып жатқан инфрақұрылым екінші жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Екінші жобада 250 және одан да көп адам тұратын ауылдарды 3G/4G технологиясы арқылы Интернетке кең жолақты қосу көзделген.Бұл жобаны үш оператор: "Кселл" АҚ, "Мобайл телеком-сервис" және «Кар-Тел» ЖШС-рі ҚР Цифрлық, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп қол қойған меморандум аясында жүзеге асыруда. Осылайша, 600 мыңға жуық ауыл тұрғыны 2020 жылдың соңына дейін жылдамдығы жоғары мобильді Интернетке қосылады.

"Beeline өткен жылы бастаған желілерді  жаңғырту бойынша барлық міндеттемелерді орындайды. Карантин және ТЖ жағдайында да құрылыс жұмыстарын жалғастырудамыз. 2020 жылдың басынан бері 76 елді мекенді кең жолақты Интернетке қостық", - деді Beeline Қазақстан компаниясының Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.

Жоғарыда айтылған екі жоба жүзеге асқан жағдайда 5163 ауыл жылдамдығы жоғары Интернетке қосылып, нәтижесінде ел халқының 99,3% - ы 3G / 4G қызметтерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жоспарлардың бәрін іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан көмектің қажеттігін айтып өтті. Атап айтқанда, байланыс операторларының жабдықтарын орнатуға және сол жабдықтарға электр энергиясын жеткізуге жер учаскелерін бөлу мәселесін шешу ауылдарды интернетке қосуды жеделдете түсер еді.