Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы министрлерінің кеңесі өтті.
Кездесуге ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев модератор болды.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін ТМҰ хатшылығына алғысын білдірді.
«Қазақстан өзінің АКТ секторын үздіксіз дамытуға әлі де ұмтылуда. Біздің елдерімізде құрылған инновациялық және цифрлық экожүйелер арасындағы тиімді ынтымақтастық АКТ саласындағы өнімдеріміз бен қызметтеріміздің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың ең қуатты құралы болып отырғанына сенімдімін», – деп атап өтті министр.
Өткен жылдың 11 қарашасында өткен Түркі мемлекеттері Ұйымының соңғы саммиті кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық түркі елдеріндегі ақпараттық технологиялар секторындағы жаңа технологияларға басымдық берудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ «Astana Hub» деп аталатын IT-стартаптардың халықаралық технопаркінде цифрландыру орталығын құру қажеттігіне назар аударды. Халықаралық деңгейде ТМҰ Цифрлық орталығын құру, әсіресе, электрондық үкімет жүйелерін интеграциялау есебінен елеулі пайда әкеледі.
ТМҰ Цифрлық орталығының қызметі мен функциялары келесідей сипатталуы мүмкін:
1. GovTech ұлттық тәжірибесіне енгізу үшін электрондық үкімет және озық цифрлық технологияларды зерттеу мен әзірлеуді интеграциялау.
2. Цифрлық жобалар мен технологияларды белгілі бір мерзімде енгізу үшін ақпараттық панель мен платформа құру, бұл оның тиімділігінің негізгі көрсеткіші бола алады.
3. Цифрлық трансформация бойынша кеңестер ұсыну және түркі озық тәжірибе орталықтарымен, барлық технологиялық платформалармен және агенттіктермен тығыз ынтымақтастық орнату.
4. IT-инновация орталықтарын интеграциялау және «Түркі метаәлемі» сынды озық трендтік тәсілдерді енгізу арқылы түркі әлемі үшін бірлескен инновациялық жүйені құру.
5. Силикон алқабында Silkway инновациялық үйін құру арқылы түркі IT-шешімдері мен стартаптарын әлемдік нарықтарда ілгерілету.
Тараптар электрондық үкіметтің интеграциясы, ұлттық тәжірибеге мемлекеттік технологияларды енгізу үшін озық цифрлық технологияларды зерттеу мен әзірлеу, «Түркі метаәлемін» енгізу, АҚШ-та «Түркі IT-үйін» және «Түркі венчурлық қорын» құру мәселелерін талқылады.
Іс-шараға Әзербайжан Цифрлық даму және көлік министрлігі жанындағы Инновациялар және цифрлық даму агенттігінің төрағасы Инара Валиева, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бас директоры Ростислав Коняшкин, «Жібек жолы инновациялық орталығының» бас директоры Асет Абдуалиев, Қырғыз Республикасы Цифрлық даму министрінің орынбасары-міндетін атқарушы Ренат Айтымбетов, Түркия Республикасының Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Оралоглу, Түркия Республикасының Көлік және инфрақұрылым министрінің орынбасары Омер Фатих Саян, Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов, Түрікменстанның «Туркменарагатнашык» агенттігінің төрағасы Хаджимурат Шихмурадович Худайгулиев, Венгрияның Инновациялар және технологиялар министрі Ласло Палкович, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Қоғамдық жұмыстар және көлік министрі Эрхан Арикли қатысты.