Бағдат Мусин Семей қаласындағы Abai it-Valley технопаркіне барды

Бағдат Мусин Семей қаласындағы Abai it-Valley технопаркіне барды

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Абай облысына жұмыс сапары аясында Abai it-Valley технологиялық кластеріне барды.

Бұл өңірлік IT-қоғамдастық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы әзірлемелерді оқытуға, өзара іс-қимылды іске асыруға арналған алаң.

Университет басшылығы мен «Abai IT-Valley» мамандары министрге технокластердің материалдық-техникалық базасын таныстырып, атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімеледі.

Құрылғанына бір жыл ғана болған Abai IT-Valley қазірдің өзінде жобаларын жүзеге асыруға 55 млн теңгеден астам қаражат тартқан. Бұл күні жүзеге асырылып жатқан «Агромайнинг», «Ұлттық нақыштағы 3D ойыншықтар шығару», «Виртуалды химия лабораториясы», «Өндірістегі қауіпсіздік техникасына оқытатын виртуалды тренажер-симулятор», «Туристерге арналған мобильді қосымша», «Медицина саласының студенттеріне арналған қолданбалы қосымша», «Компьютерлік ойындар мен анимациялық фильмдер әзірлейтін геймдев студия» жобалары таныстырылды. Жобаларды жүзеге асырушылар арасында - өз саласының майталманына айналған кәсіби мамандармен қатар Әлихан Бөкейхан Университетінің студенттері мен дарынды мектеп оқушылары да бар.

Бағдат Батырбекұлы Орта Азия аумағындағы ең ірі «Decentration» WEB 3.0 хакатонының ашылу салтанатына қатысты. Хакатон бір уақытта Қазақстанның 9 өңірінде өтіп жатыр. Іс-шараның Абай облысындағы орталығы - Әлихан Бөкейхан Университеті. Сонымен қатар осы университет базасында Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясының Абай облысындағы ресми өкілдігі ашылды.

Айта кетейік, IT оқыту саласы жас ұрпақ арасында танымал болып келеді. Қосымша білім ретінде Семей қаласында балаларға арналған 3 бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда оқушылардың жалпы саны 400-ден асты.