Қазақстан БҰҰ АТМЭӘК-ның 79-сессиясына вице-төрағалық етті

Қазақстан БҰҰ АТМЭӘК-ның 79-сессиясына вице-төрағалық етті

(Фото: ESCAP Photo/ Philip PM Janikowski)

15-19 мамыр аралығында Тайланд астанасы Бангкокта БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АТМЭӘК) 79-сессиясы өтеді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азия елдерінің орнықты дамуы үшін БҰҰ Цифрлық шешімдер орталығын құру жөніндегі бастамасын ұсынды. Бұл орталықты құру идеясын 62 қатысушы ел қолдады.  

БҰҰ АТМЭӘК-ның 79-шы жыл сайынғы сессиясы «Орнықты даму мүддесі үшін Азия-Тынық мұхиты аймағындағы климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды жеделдету» тақырыбына арналған. Бұл сессия климаттың өзгеру проблемаларын аймақтық және жаһандық деңгейде шешуде өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін құнды платформа ретінде қызмет етеді.  

Сессия аясында қатысушы елдер Қазақстанда орнықты дамуға арналған Қазақстанда БҰҰ Цифрлық шешімдер орталығын құруды мақұлдады. Айта кетейік, БҰҰ АТМЭӘК-ға қатысушы елдер Орталық Азияда және одан тыс жерлерде тәжірибелік цифрлық шешімдерді ұсыну мақсатында орталық құру жөніндегі ҚР Үкіметінің бастамасын жоғары бағалады және қолдады, бұл Қазақстанның әлемдік аренадағы үлкен жетістігі саналады.

 «Біз бұл орталықты құру идеясын Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Сыртқы істер министрлігімен ынтымақтаса отырып алға жылжыттық. Сонымен қатар, Президент біздің алдымызға еуразиялық хабтың рөлін қамтамасыз ету міндетін қойды. Әрине, идеяны ойдағыдай ілгерілетуде және бірауыздан қолдауда Мемлекет басшысының әлемдік аренадағы беделі, сондай-ақ Президент саясаты негізінде құрылған еліміздің имиджі үлкен рөл атқарды», - деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Бұл орталық цифрлық ынтымақтастық пен инклюзивтілікті ілгерілетуде маңызды рөл атқарады, болашақта халықаралық Цифрлық орталықты құру жөніндегі бастамаларды іске асыру әлемдік цифрлық кеңістіктегі сыртқы сын-қатерлерге бірлесіп және жедел ден қою бойынша өңір елдерінің интеграциялық күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бірлескен жұмыс Орталық Азия бренді негізінде экспортқа бағдарланған инновациялық-серпінді жобаларды құруға жол ашады.

Сессияға қатысушы елдер сондай-ақ, БҰҰ АТМЭӘК тарихында алғашқы Цифрлық конференцияның цифрлық технологиялар министрлері деңгейінде қазақстандық алаңда өткізілуін құптады. Осылайша, конференция 2024 жылдың күзінде Қазақстан астанасында 60 елден келген министрлердің қатысуымен өтеді және Орнықты даму мақсаттары мен өңірлік технологиялық бастамаларды іске асыруға арналған цифрлық технологиялар мен трансформацияны енгізуге арналады, бұған қоса, Азия-Тынық мұхиты ақпараттық супермагистралінің бастамасын қамтиды.

«Цифрлық конференцияны Қазақстанда өткізу цифрлық технологияларды дамытуда біздің еліміз үшін, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызды қадам болады. Ел Президенті жариялаған көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі бастамалар, біздің халықаралық, ең алдымен, экологиялық міндеттемелерімізді растау халықаралық қоғамдастықтан өз бағасын алды. Жоғары деңгейдегі бұл конференция біздің Орнықты даму мақсаттарына деген ұмтылысымызды және АТМЭӘК елдерінің өңірлік технологиялық бастамаларды дамытуға ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді», - деп түйіндеді Бағдат Мусин.

 

Анықтама:

БҰҰ АТМЭӘК — 1947 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағында экономикалық және әлеуметтік дамуға ықпал ету үшін құрылған БҰҰ-ның бес өңірлік комиссиясының бірі. БҰҰ АТМЭӘК-ның негізгі мақсаты инклюзивті және орнықты экономикалық өсуге, әлеуметтік дамуға және өңірлік интеграцияға қол жеткізу үшін өңір елдері арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу болып саналады.
Сессия цифрлық қоғам құру, проблемалар мен мүмкіндіктерді талқылау және қатысушы елдер үшін цифрлық технологияларды пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілдерін зерделеу мақсатында БҰҰ АТМЭӘК-ға мүше 60-тан астам мемлекет үшін озық тәжірибе алмасу алаңына айналады.