Қазақстанда Microsoft-тың мультиаймақтық хабы ашылады

Қазақстанда Microsoft-тың мультиаймақтық хабы ашылады

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қазақстан Республикасының Сан-Франциско қаласындағы (АҚШ) Бас консулдығының бірлескен жұмысының нәтижесінде, «Microsoft» корпорациясымен Қазақстан аумағында орналасатын мультиаймақтық хаб ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің Microsoft-тың Қазақстандағы Бас директоры Сергей Лещенкомен екіжақты кездесуі барысында белгілі болды.

Хаб қызметі Орталық Азия, Әзербайжан, Армения, Грузия, Моңғолия және Пәкістан елдерін қамтитын  болады.

«Microsoft қызметін локализациялау Қазақстанға аймақтық ауқымда технологиялар мен озық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді. Осылайша, хаб Microsoft корпорациясының технологиялық даму және инновациялар орталығы бола отырып, шикізаттық емес технологиялық салалардың өнімдерін өндіру мен экспорттауды ынталандыру арқылы адами капиталды дамыту және ұлттық экономиканы нығайтудың драйвері бола алады» - деп атап өтті Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

«Қазақстанда «Microsoft»-тың аймақтық хабының құрылуы маңызға ие. Елдеріңізде тиісті инфрақұрылым бар. Біз қуана-қуана бірлескен жобаларды іске асырып, сіздермен жұмыс істегіміз келеді» - деп атап өтті Microsoft компаниясының Қазақстан бойынша Бас директоры Сергей Лещенко.

Сондай-ақ корпорацияның ChatGPT сияқты көптеген сервистерінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласында өткен 77-сессиясына қатысу үшін жасаған сапары аясында «Microsoft» корпорациясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша бас директоры Мишель Симмонспен кездесуі өтті. Кездесу аясында одан әрі ынтымақтастық орнату, атап айтқанда, қазақстандық кеңсені өңірлік хабқа дейін кеңейту мәселелері талқыланды. 

Наурыз айында Бағдат Мусиннің Кремний алқабына жұмыс сапары барысында Microsoft кеңсесінде Қазақстандағы кеңсені кеңейту перспективалары жайлы тағы да сөз қозғалды.

ҚР Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі