Тергеу изоляторының әкімшілігі «Vnimaniye.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, тегін азық-түлік таратуды ұйымдастырды. Тергеу-қамауындағы мұқтаж адамдарға барлығы 50 қорап таратылды.
«Елімізде төтенше жағдай жарияланысымен ҚАЖ мекемелеріне карантин енгізіліп, күдіктілер мен сотталғандардың жақындарымен кездесуге тыйым салынды. Олар жақындарымен қашықтан байланыс жасау режиміне көшірілді. Осыған байланысты тергеу-қамауындағылардың барлығына бірдей сәлемдемелер мен посылкалар келе бермейді. Мұндай кезеңде оларды күнделікті қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан да біз көмек қолын созған «Vnimaniye.kz» серіктестігінің басшылығына ризашылық білдіреміз. Сонымен қатар, тергеу изоляторында санитарлық және эпидемияға қарсы талаптардың қатаң сақталуда екенін атап өткім келеді. Тергеу-қамауындағылар жеке бас гигиенасына арналған заттармен қамтамасыз етілген және мекеменің жеке құрамы жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында ерекше жұмыс режиміне көшірілді» - деп атап өтті ЛА-155/18 мекемесінің бастығы Әсет Жумадиев.
Азық-түлікке мұқтаж сотталғандардың тізімі алдын ала жасалды. «Vnimaniye.kz» ЖШС-нің қаржы директоры Ален Искаков тергеу изоляторындағы тергеудегі азаматтарға бос уақыттарын пайдалы өткізуге және өз денсаулықтарын сақтауға кеңес берді. Сондай-ақ, ол карантин кезінде тапсырыс берген әр адамға тегін 2 ыстық тамақ жеткізілетінін атап өтті.
«Vnimaniye.kz» ЖШС қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге тауар және азық-түлік жеткізумен айналысады. ЛА-155/18 мекемесі аталған серіктестікпен 2019 жылдың мамыр айынан бері бірге қызмет етіп келеді.