Бағдат Мусин Digital Nomads өкілдерімен кездесу өткізді

Бағдат Мусин Digital Nomads өкілдерімен кездесу өткізді

Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин шетелде тұратын және әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істейтін қазақстандықтарды біріктіретін «Digital Nomads»  IT-қоғамдастығының өкілдерімен кездесу өткізді.

Бағдат Мусин Digital Nomads өкілдерімен кездесуде қауымдастық мүшелері техникалық әдебиеттерді қазақ тіліне аудару мүмкіндігін, сондай-ақ Қазақстанда спорттық бағдарламалау бойынша әлем чемпионатының финалын өткізуді талқылады.

«Қауымдастық қызметінің қорытындыларын талқыладық. Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысымен кездескен сәттен бастап ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өткім келеді.

Қазақстандық жоғары оқу орындарында (атап айтөанда, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, халықаралық ақпараттық технологиялар университеті қабырғасында) жаһандық BigTech компанияларда (Facebook, Google және т.б.) жұмыс істейтін мамандардың қатысуымен тұрақты негізде дәрістер өткізіледі. Онда мамандық таңдау, мансаптық даму мәселелері, сондай-ақ бағдарламалау бағытындағы салалық мәселелер қозғалады.

Осындай дәрістер республика бойынша орта білім беру мекемелерінде де өткізіледі. Ағымдағы жылы еліміздің 15 өңірінде конференциялар мен IT-апталықтар өткізуді жоспарлап отырмыз»- деді Бағдат Мусин.

Әлемдік деңгейдегі техникалық (IT саласындағы оқулықтарды) әдебиетті қазақ тіліне аудару мәселелері жеке талқыланды. Digital Nomads қауымдастығының өкілдері өз ұсыныстары мен қазіргі уақытта атқарған жұмыстары туралы хабарлады. Цифрлық даму министрлігі оқыту материалдарын қазақ тіліне аударуға қолдау көрсететін болады.

«Сондай-ақ, Digital Nomads өкілдерінің бастамасымен спорттық бағдарламалау қауымдастығы құрылды. Биыл республикалық жиындар мен турнирлер өткізу жоспарланған. Федерация өкілдері алдағы қарашада болатын спорттық бағдарламалау бойынша жарыстың финалын ұйымдастыру мәселелері бойынша Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласына барып келді.

Ал, 2024 жылы Қазақстанда әлем чемпионатының финалын өткізуді жоспарлап отырмыз.  Алматы қаласында турнир финалын өткізуге өтінім жолдау  үшін ICPC президенті Билли Поучермен кездесу өткен болатын.

Сан-Францискодағы еліміздің Бас консулдығына біздің министрлікке технологиялық компаниялармен коммуникациялар құруға көрсеткен қолдауы және Digital Nomads қауымдастығын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіргім келеді»- деп жазды Бағдат Мусин.