ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРҒА ТЕГІН БЕТПЕРДЕ ТАРАТЫЛАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРҒА ТЕГІН БЕТПЕРДЕ ТАРАТЫЛАДЫ

Шымкент қаласында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бетперделер тегін таратылатын болады. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Оның айтуынша, ертеңнен бастап әлеуметтік аз қамтылған әр отбасыға төрт маскадан берілмек. Сонымен қатар, ол індетті жұқтырған азаматтардың тұрғылықты жері болып табылатын Абай ауданы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабының барлық тұрғындарына тегін бетперде таратылғанын да атап өтті. Брифинг барысында спикер инфекцияның таралуына жол бермеу үшін Шымкент қаласында 28-ші наурыз күні түнгі сағат 00:00-ден бастап қосымша шектеу шаралары енгізілетін хабарлады.
«Шымкент қаласының әуежайы мен теміржол вокзалының жұмыстары, автокөлік базарлар, азық-түлік жәрмеңкелері, мобильді телефон сататын дүкендердің жұмысы тоқтатылады. Сонымен қатар, отбасылық, еске алу іс-шаралары мен басқа да жиындар өткізуге қатаң тыйым салынады. Сауда және басқа да нысандарда,  келушілер мен сатушылар үшін медициналық бетперделерді киюді талап ететін санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтіледі. Ал қоғамдық тамақтану орындарының (кафе, мейрамхана және тағы басқалар) қызметіне сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін шектеу енгізіледі»,-деді Е.Садыр.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласының аумағына сағат кешкі 21:00-ден таңғы сағат 07:00-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. Бұл, транзиттік көліктері мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ. Сондай-ақ, қаладағы қоғамдық көліктің жұмысы сағат  06:00-ден 21:00-ге дейін шектеледі.
Брифинг барысында қала әкімінің бірінші орынбасары індетті жұқтырған екі тұрғынның денсаулықтарының тұрақты екенін айтып өтті.