Жетісу облысында ЖРВИ-дің 29 055 жағдайы тіркелді

Жетісу облысында ЖРВИ-дің 29 055 жағдайы тіркелді

Жетісу облысында 2022-2023 жылғы эпидемиологиялық маусымның басынан бастап жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 29 055 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың эпидемиологиялық кезеңімен салыстырғанда 14,8%-ға өскені байқалады. Бұл ретте 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 60,8%-ды құрап отыр. Бұдан бөлек, тұмаудың зертханалық расталған 331 жағдайы тіркелді.

Бүгінгі таңда облыста халықты тұмауға қарсы вакцинамен иммундау жұмыстары аяқталды. Жергілікті бюджет есебінен 92 913 адамды вакцинациямен қамту жоспарланған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың 24,8%-ы және ересектердің 75,1%-ы тұмауға қарсы екпе алды. Жалпы облыс халқының 13,7%-ы иммундаудан өтті.

Бұл ретте ұйымдастырылған жабық мекемелердің контингенттері, иммунитеті төмен балалар мен созылмалы аурулары бар ересектер, медицина қызметкерлері, 2-ші, 3-ші триместрлердегі жүкті әйелдер тұмауға қарсы тегін иммундаумен қамтылып отыр.

Вакцинациядан басқа, аурушаңдық деңгейі көтерілген маусымда өзге де арнайы емес профилактиканы қолдану қажет. Қазіргі уақытта тұмау мен ЖРВИ-дің шұғыл және жоспарлы түрде алдын алуға арналған дәрі-дәрмектердің кең таңдауы бар.

Аурушаңдық деңгейі көтерілген кезеңде кең таралған, қарапайым және қолжетімді құралдардың бірі – тыныс алу органдарын қорғауға арналған бетперде. Осы кезеңде тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге және бұқаралық іс-шараларға баруды шектеу, инфекцияның ықтимал көздерімен қатынасты азайту, бұл әсіресе балалар үшін маңызды.

Тұмаудың алдын алудың тиімді шарасы – жеке гигиена қағидаларын сақтау, қолды сабынмен жиі жуу ұсынылады. Түшкіру, жөтелу кезінде мұрын мен ауызды орамалмен немесе майлықпен жабу керек.

Сондай-ақ, аурудың ең алғашқы белгілері болған кезде асқынуларды болдырмау үшін дәрігерге уақтылы жүгінген абзал. Есіңізде болсын, ауруды емдеуден гөрі алдын алу оңай!