Баланың тууын тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексімен регламенттелген.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу ата-анасының не олардың біреуінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды қабылдауды тіркеуші орган жүзеге асырады, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы да жүргізіледі.
Сонымен қатар, туу туралы куәлік электрондық түрде eGov mobile және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларының цифрлық құжаттама қызметтерінде қолжетімді екенін хабарлаймыз.
Цифрлық құжатты пайдалану үшін ЭСҚ немесе бір реттік құпиясөзді қолдана отырып, eGov mobile-да авторизациядан өту керек немесе банктердің мобильді қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өту керек. Содан кейін «цифрлық құжаттар» бөліміне өтіп, қажетті құжатты таңдау қажет.
Егер ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен бір мезгілде әке болуды анықтау туралы өтініш беріледі.
Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасында баланың туған жері деп баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бірлігінің атауына сәйкес баланың нақты туған жерінің атауы көрсетіледі.
Экспедицияларда және шалғай жерлерде, сондай-ақ анасы теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе пойызда болған кезде туған баланың туған жері деп баланың тууын мемлекеттік тіркеу жүргізілетін әкімшілік-аумақтық бірлік көрсетеді.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде туылған баланың туылған жері деп баланың нақты туылған жерінің атауы көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде туылған баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда шетелдік тіркеуші органдарда тіркелгеніне қарамастан, мынадай құжаттардың бірін:
1) туу туралы куәліктің түпнұсқасын;
2) туу туралы акт жазбасының көшірмесін;
3) туу туралы медициналық куәліктің түпнұсқасын
көрсеткен кезде осы Кодексте белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар болмаған кезде, соттың туу фактісін анықтау туралы шешімінің көшірмесі көрсетіледі.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Некеде тұрған кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке бұзылғаннан кейін не неке жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке бұзылған не ол жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күннен аспаса, жалпы негізде жүргізіледі.
Баланың туу туралы акт жазбасына ата-аналары туралы мәліметтерді енгізу тәртібі
Бір-бірімен некеде тұрған әкесі мен анасы туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің өтініші бойынша баланың ата-аналары болып жазылады. Мұндай жазбаға неке қию туралы куәлік негіз болып табылады.
Некеде тұрған және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға өз келісімін жазбаша нысанда берген адамдар, осы әдістерді қолдану нәтижесінде өздерінде бала туылған жағдайда туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Суррогат ана болу шартына сәйкес бала туылған жағдайда, ерлі-зайыптылар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Бала тууды тіркеу кезінде, егер ата-аналарының арасында неке бұзылған, оны сот жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда, бірақ неке бұзылған, оны жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күннен аспаса, анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде, баланың әкесі туралы мәлімет неке қию немесе некені бұзу туралы куәліктің немесе акт жазбасының, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің немесе акт жазбасының негізінде енгізіледі.
Егер бала неке бұзылған, оны жарамсыз деп таныған күннен бастап екі жүз сексен күн өткеннен кейін туса, бұрынғы жұбайы әке болуды анықтау негізінде ғана баланың әкесі болып жазылуы мүмкін.
Босанған әйелдің жұбайы болып табылмайтын адам жазбаша мойындаған жағдайда және оның күйеуінің жазбаша келісімі болған кезде тууды тіркеу кезінде баланың әкесі болып осы адам жазылады.
Босанған әйелдің жұбайының немесе бұрынғы жұбайының басқа адамның әке болуын анықтауға келісімі ішкі істер органы берген, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені туралы немесе соттың оны хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танығаны туралы заңды күшіне енген шешімі туралы растайтын құжат болған кезде міндетті емес.
Екібастұз қаласы
әкімдігінің АХАТ бөлімінің
бас маманы
Л. Биғалиева