ЦДИАӨМ 5G радиожиіліктерге арналған аукционды қорытындылады

ЦДИАӨМ 5G радиожиіліктерге арналған аукционды қорытындылады

2022 жылы 22-23 желтоқсанда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 5G радиожиілік жолақтарын беру үшін аукцион ұйымдастырды. Өткізілген аукционның нәтижесі туралы ҚР ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.

Сауда-саттық «gosreestr.kz» ақпараттық жүйе алаңында өткізілді. Бірінші лот 3600-3700 МГц (100 МГц) радиожиілік аралығында, екіншісі 3700-3800 МГц (100 МГц) аралығында ұсынылды. Әр лоттың бастапқы бағасы 1 761 225 000 теңгені құрады. Нәтижесінде №1 лоттың бағасы 62,7 млрд теңгеге дейін өсті, ал №2 лоттың ұсынысы рекордтық 93,4 млрд теңгені құрады. Жеңімпаз «Кселл» АҚ және «Теле 2» мен «Алтел» брендтерімен танымал «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС консорциумы болды.

2022-2025 жылдары Қазақстанда «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жоспарына сәйкес 5G желілерін енгізу жоспарлануда. Бұл ретте радиожиіліктердің ұлттық ресурсы шектеулі болып табылады, сондықтан 5G/IMT бесінші буынының ұялы байланысын енгізу және дамыту үшін РЖС жолақтарын бөлуді сауда-саттық арқылы өткізу туралы шешім қабылданды.

«5G технологиясын енгізу 1 Гбит/с дейін жоғары деректер жылдамдықпен баяу кідірістің алдын алып, пайдаланушыларға құрылғылар мен қызметтердің санын көбірек қолдануға мүмкіндік береді. Технологияның бұл түрі бизнес, өнеркәсіптік автоматтандыру, пилотсыз көлік пен тағы да басқа ақылды қалалар мен сервистер үшін тиімді», - деді вице-министр Асхат Оразбек.

Консорциумының өкілі «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің бас директоры Сергей Коньков аукционмен жиіліктерді сатып алу нарықта алғашқы тәжірибе екенін атап өтті.

«Операторларда әр диапазон санаулы болды, сондықтан аукцион шиеленіске толы өтті – ұсынылғандардың барлығын қазіргі қатысушылар алып жатыр және 5G-ға тек екі диапазон ғана бөлінді. Біз үшін 5G енгізу жобасы – ауқымды инвестиция мен техник мамандардың жұмыстары болып табылады. 2025 жылдың соңына дейін Kcell және Tele2 / Altel 7000-нан астам 5G базалық станциясын салуды жоспарлап отыр», – деді Сергей Коньков.

Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азия мен ТМД-да 5G технологиясын дамыту бойынша бірінші болуға барлық мүмкіндікке ие.

Айта кету керек, аукционнан алынған қаражат «Қолжетімді Интернет» жаңа ұлттық жобасы аясында телекоммуникация саласын дамытуға бағытталады. Бұл жоба 3000-ға жуық ауылды талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз етуді, республикалық және облыстық жолдар бойына оптика салуды, АДҚ (антенді-діңгектік құрылым) салуды және шалғайдағы жету қиын ауылдарға электр энергиясын жеткізуді мен т.б мақсаттарды  көздейді.