
Бүгін Қазақстанда алғаш рет байланыс операторлары арасында жиіліктерді бөлу бойынша электронды сауда-саттық басталды. Аукцион ұялы байланыстың бесінші буынын (5G) енгізу және жиілік диапазондарын бөлуді көздейді.
Бәсекелестікті қалыптастыру бағытында аукционға радиожиіліктерді бөлу тәртібімен бекітілген талаптарға сәйкес келетін компаниялар қатыса алады. Бұл аукцион 5G технологиялары үшін радиожиіліктерді таратудың ашық механизмін көрсетеді. Осындай іс-шаралардың өткізілуі елдегі телекоммуникалық желілердің дамуына серпін беретіні сөзсіз. Оған қоса, жаңа операторлар үшін бәсекелестік ортаның құрылуына мүмкіндік береді.
«Бүгінгі таңда технологиялар қарқынды дамып келеді. Сондықтан әртүрлі экожүйелерді, қосымшаларды, қызметтерді жүйелендіру үшін сапалы инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Әрине, 5G технологиясын дамыту үшін бірнеше жылдар қажет. Алайда, осы уақыт ішінде трафиктер едәуір үлкен көлемде дамып, жаңа қызметтер пайда болады. Бүгін біз азаматтарымызға сапалы заманауи сервистерді ұсыну үшін, жаңа ұялы байланыс жүйесін енгізуді көздеп отырмыз»,- деп атап өтті ҚР Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек.
Аукцион шарттары бойынша қатысушыда - кемінде алты облысты, республикалық маңызы бар қалаларды қамтитын телекоммуникалиялар мен ұялы байланыстың магистральдық желілері және мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс. Сондай-ақ, негізгі шарттарға сәйкес қатысушы компания таралу кезеңінде немесе банкротқа ұшырау сатысында болмауы керек. Оған қоса, кепілдік жарнаны төлегені туралы құжаттарды ұсынуы қажет.
GSMA Intelligence халықаралық ұйымының жаһандық және өңірлік зерттеуі 2030 жылға қарай 5G технологиялары жалпы ішкі өнімге және әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң әсерін тигізетінін бағалаған.
Сонымен қатар, халықаралық талдау негізінде C-band диапазонында 5G технологиясын енгізу 2030 жылы әлемдік ЖІӨ-нің 610 миллиард доллардан асуына (өсуіне) әкеледі. Бұл 5G технологиясының жалпы әлеуметтік-экономикалық әсерінің 65% құрайды.
5G технологиялары мен қызметтерінің әлеуметтік-экономикалық әсерінен басқа, денсаулық сақтау мен білімге қолжетімділікті жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және қоршаған ортаның ластануын азайту сияқты қосымша артықшылықтары күтілуде.
Жоғарыда аталған зерттеу бойынша ТМД елдерінде 5G-ді қолданысқа енгізу арқылы ЖІӨ-нің 14 миллиард долларға өсуі болжанады, оның ішінде Қазақстанның үлесі 12% -ды құрайды.
2020-2030 жылдары бүкіл әлем бойынша 5G технологиясын енгізудің артықшылықтарын ескере отырып, C-band 5G диапазонына басымдық беретін ҚР мемлекеттік саясаты және құрылған инфрақұрылым алдағы жылдары экономикалық дамуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, көптеген дамыған елдерде 5G жиіліктерін сату аукциондарында қомақты қаражат бөлінгенін атап өткен жөн. Мысалы, Швейцарияда - $378 млн, Италияда - €6,5 млрд, Испанияда - €437,6 млн, Австрияда - €188 млн, Ұлыбританияда – £1,35 млрд, Германияда - €6.5 млрд, Оңтүстік Кореяда- $3,3 млрд және т. б.