Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Сирек кездесетін кітаптар музейінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез...» көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиынның алғы сөзін Абай музейінің ғылыми хатшысы Р.Елекенова және «Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары Н.Сейдин бастап, музей қызметкері Н.Боранбаев көрмемен таныстырды. Көрмеге музей қорындағы құнды қолжазбалар мен архивтік деректер, Абайдың «Тұмар» домбырасы және Ұлы ақынның 1885 жылы тарихи-өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлерімен қатар музей баспасының басылымдары қойылды.
Сонымен қатар аталған көрмеде Абайдың өмір сүрген кезеңімен оның айналасына қатысты тарихи тұлғалар туралы деректер берілген арнайы тақталар орнатылды.
Шара барысында Сирек кездесетін кітаптар музейі Абай музейінің ұжымына алғыс білдіріп, аталған көрменің ұйымдастырушылары мен мекеме басшыларына алғыс хаттар табысталды.
«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез...» көрмесі 10 наурызға дейін жалғасады.