
БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің цифрлық үкімет жөніндегі басшысы Винченцо Акуаро еліміздің цифрлық үкіметіне өз бағасын берді.
«Биыл 28 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 2022 жылдың қорытындысы жарияланды. Жүргізілген рейтингке сәйкес әлем елдерінде цифрлы және электронды үкімет қызметі саласында ілгерілеу бар. Өң өзгеріс Қазақстанға да қатысты. Қазақстан индекстің төрт кластері бойынша ең жоғары позицияда тұр. Сонымен қатар электронды үкіметті дамытуда көшбасшы елдердің бірі. Қазақстанды «very high» және «very, very high» деңгейіне жақын деуге болады. Одан бөлек, электронды үкіметтің онлайн сервис индексі бойынша да сіздің еліңіз ең жоғарғы балл алды. Қазақстанның онлайн қызметтер сервисін дамыту индексі бойынша үздік тәжірибесі бар»,- деді Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық үкімет, экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы Винченцо Акуаро елордада өткен жиында.
Айта кеткен жөн, қыркүйек айының соңында Қазақстан БҰҰ (UN Global E-Government Development Index) рейтингінде электрондық үкіметті дамыту бойынша 28-орынды иеленген болатын. Бұл рейтинг аясында БҰҰ мүше барлық 193 елдер бағаланды.
Рейтингті құруда БҰҰ сарапшылары электрондық қызметтер мен адами капиталдың және телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың дамуына баға берді. Осы салада электронды үкіметті дамыту индексі ең беделді рейтингтардың бірі болып табылады.