Бағдат Мусин Премьер-Министрге «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» жобасының жүзеге асырылуы туралы айтты

Бағдат Мусин Премьер-Министрге «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» жобасының жүзеге асырылуы туралы айтты

Сейсенбі күні, ҚР Үкіметінің кезекті отырысы барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Цифрландыру, ғылым және инновациялар арқылы технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасын іске асыру барысы туралы баяндады.

         Отырыста ол «цифрландыруға» қатысты  бағыттарды, яғни IT-индустрияны дамыту, цифрлық құралдар, жоғары сапалы интернет, мемлекеттік қызметтер, инновациялық бизнесті дамыту туралы айтты.

Министрдің мәліметінше, өзі басқарып отырған салада 175 бизнес-процес жетілдірілген және мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 94% онлайн форматта қолжетімді болса, 25 қызмет проактивті форматта. Сонымен қатар, 9 қызмет бейнесервис арқылы көрсетіледі және осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 44 қызметке дейін ұлғайтылатын болады.

Бұдан басқа, еліміздегі 6 миллион  жанұяның әл-ауқаты бойынша ақпарат күнделікті жаңартылып  берілетін «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл мұқтаж отбасыларға проактивті форматта әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Цифрландыру бағытында маңызды  салалардың бірі білім беру саласы мен денсаулық сақтау саласы болып табылады. Осылайша бүгінде оқулықтарды цифрлық форматқа ауыстыру аясында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бары 670 оқулықтың  97% цифрландырылды және осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 100% жетпек.

Жалпы, ауыл мектептері интернет инфрақұрылымымен толықтай қамтамасыз етілді. Дегенмен, ауыл мектептеріндегі оқу үдерісін цифрландыру әлі де болса төмен деңгейде. Бұған мектепішілік интернет тарату желілерінің жоқтығы себеп болып отыр, сондықтан бұл мәселеде жергілікті атқарушы органдардың қолдауы қажет.

Денсаулық сақтау саласы бойынша Цифрлық даму министрлігі Денсаулық сақтау Министрлігімен бірлесе, eHealth  электронды денсаулық жүйесіне өту жобасы аясында жұмыстар атқаруда. Бұл азаматтарға қызмет алған орнына жүгінбестен, барлық диагноздарын, талдаулар нәтижелерін көре алатын ұлттық денсаулық паспортын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясына сәйкес мемлекеттің халықпен байланысын цифрлық өзара іс-қимыл құралдарына көшіру басталды. Жуырда, әкімшілік сотқа өтініш беру процестерін қысқарту үшін Жоғарғы сотпен e-Өtinish платформасын интеграциялау жүзеге асырылды.

Бағдат Мусин «KAZNEDRA» Бірыңғай платформасындағы жұмыс туралы да айтып өтті. 15 қыркүйектен бастап жер қойнауын пайдаланушыларға minerals.gov.kz платформасындағы жеке кабинетте интерактивті картада көрсетілген 1,5 мың электронды есеп қолжетімді болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін жер қойнауы туралы тағы 30 мың есеп электронды нұсқаға ауыстырылады. Болашақта бұл платформа жер қойнауын пайдаланушылар үшін «market place» қызметін атқаратын болады.

Цифрландыру ауыл шаруашылығы саласына да енді: 1 шілдеден бастап фермерлерге арналған ақпараттық жүйелерді субсидиялау жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар, 1475 байланыс орталығы құрылды. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау тәсілі келтірілген шығындарды 30%-ға қысқартуға және қосымша құжаттар санын 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

         Сонымен қатар, барлық мал дәрігерлеріне ауылшаруашылық жануарларын  сәйкестендіруге арналған мобильді қосымшада жұмыс істеу үшін планшеттер бөлінетін болады. Бұл жүйеде оларға интернетсіз де жұмыс істеу мүмкіндіктері қарастырылған.

Ұлттық жоба жұмыс іске қосылған 2 жыл ішінде IT нарығы да едәуір дамыды. Қабылданған шаралар негізінде экспорттық түсім 80%-ға өсті және жаңа жұмыс орындарының пайда болуында да оң динамика байқалды.  IT-компаниялардан түсетін салық өсімі 46%-ды құрады.

Биылғы жылы 300 миллион теңгеге 30 стартап қаржыландырылды және 800 мың долларға келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ,  IT саласының мамандары дайындалуда, 12 бағдарламалау мектебі ашылып, 250-ден астам халықаралық деңгейдегі бағдарламашылар дайындалды. Сонымен қатар, IT-мектептерге 3100 ваучер бөлінетін болады.