Қазақстандық әртістер Мәскеудің Гнесин атындағы Ресей музыкалық академиясында этнографиялық концерт берді

Қазақстандық әртістер Мәскеудің Гнесин атындағы Ресей музыкалық академиясында этнографиялық концерт берді

12 қазанда Гнесин атындағы музыка академиясының үлкен залында Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі концерт берді. Бұл кеш әйгілі этнограф, қазақстан музыкатану және композиторлық мектебінің негізін қалаушылардың бірі Александр Затаевичтің 150-жылдық мерейтойына орай өтті.

Бас дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиеваның басшылығымен Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі қазақ халық шығармашылығының жауһарларын, Е.Брусиловский, Абай, Н.Тілендиев, Құрманғазы, Дәулеткерей туындыларын орындады.

Сондай-ақ, сахнада танымал қазақстандық әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Айгүл Үлкенбаева, Еркін Шүкіманов, Дастан Есентеміров, Ардақ Балажанова, Дулат Тоқанов, Перизат Тұрарова және тағы басқалар болды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаевтың айтуынша, шара ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген бастамаларын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған.

11 қазанда П. И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында Қазақстан, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Болгария және Өзбекстаннан келген этномузыкатанушылар мен шығыстанушылар қатысқан "Әлем халықтарының музыкасы"атты Халықаралық ғылыми конференция өтті.

Мәскеуде 9 қазанда "Тұран" ансамблінің концертімен басталған үш күндік турды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.