1-4 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК Атырау облысы әкімдігі қолдауымен Алтын Орданың 750 жылдығына орай, ЖошыҰлысы-Алтын Орда астаналары «Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай-Берке қалалары ізімен» атты халықаралық ғылыми-зерттеу, туристік экспедициясын ұйымдастырды.
Экспедицияға музей-қорық директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар, ҰҒА корреспондент мүшесі, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Н. Сеитов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, суретші О. Кендір, тарих ғылымдарының докторы С. Сапанов, тарих ғылымдарының докторы А. Ахмет, М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің магистрі, Уфа мемлекеттік университетінің аспиранты А. Тұрғанбаев, «Хабар 24», «Қазақстан» Ұлттық арнасы журналистері, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Қ. Құттымұрат пен музей-қорық қызметкерлері және өлкетанушылар қатысты.
Экспедиция мақсаты – Жошы Ұлысы-Алтын Орда тарихының астаналық қалалары орнында ғылыми зерттеулер жүргізу, болашақ туристік маршрутты жасақтау.
Осы ретте Астрахан және Волгоград облыстық өлкетану музейлерімен бірлесе болашақта атқарылатын жұмыстар пысықталды. Экспедиция мүшелері Құрманғазы бабамыздың мәңгілік мекені Алтынжар елді-мекенінде баба кесенесіне зиярат етті. Алтын Орданың хандары жерленген деп айтылатын Харабали ауданындағы Лапас ауылы маңында, ортағасырлық Сарай-Бату қаласы орнында, Волгоград облысындағы ортағасырлық Сарай-Берке қаласы құландыларында өз зерттеулерін жүргізді. Экспедиция барысында Сарайшық музей-қорығы Астрахан облысындағы «Дария Тур» және «Актив Тур» туристік компанияларымен келісімшартқа отырды.
Нәтижесінде, Алтын Орда мемлекеттілігінің тарихында әр қаланың өз орны болғаны, дүние жүзі тарихында алатын орны, қазіргі туристік мүмкіндіктері айқындалды.