«Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық конференция өтіп жатыр

«Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық конференция өтіп жатыр

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық конференция өтіп жатыр.

Конференция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

ҚР Мәдениет және спорт вице- министрі Нұрғиса Дәуешовтің қатысуымен өтіп жатқан бұл жиында жаңа әліпби мен емле ережелеріне қатысты ғылыми-теориялық және әдістемелік, латын әліпбиін меңгертудің тиімді әдістемесі, жаңа емле ережелеріндегі өзекті мәселелер, әліпби ауыстырған түркі тілдері емлесінің қалыптасу, жетілу жолдары талқылануда.

«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарияланып, қарқынды жұмыстар жүргізілген болатын. Өздеріңізге белгілі, сол уақыттан бері латын графикасына көшіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. ҚР Үкіметінің жанынан Ұлттық комиссия, тиісті ведомстволардың жанынан олардың жұмыс топтары құрылып, жаңа әліпби мен емле ережелері зерделенуде. Жаңа әліпбиге көшу мәселесінің жалпы жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсуі де мәселенің өзектілігін айқындап отыр», - деді  вице- министр кіріспе сөзінде.

Сонымен қоса вице-министр мұндай шаралар барысында жаңа әліпбиге қатысты техникалық жағынан, жазу жағынан әртүрлі мәселелер жан-жақты талқыланатындығын атап өтті. Қазақстандағы жекелеген азаматтардың өз әліпбилерін ұсынуына байланысты оларды қоғамдық пікірге салып, ғалымдардың арасында талқылау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын еске салды.

«Біз үлкен тарихи кезеңде тұрмыз. Тіліміздің, ұлтымыздың тарихи кезеңінде тұрғаннан кейін бұл мәселеге осы елдің азаматы ретінде үлкен жауапкершілікен қарауымыз керек. Әрбір ұсынылған жаңа әліпбиге ғалымдар тарапынан нақты, айқын, шынайы баға берілген жағдайда болашағымыздың жарқын болатындығына толық сенемін. Кейбір БАҚ-та жекелеген әліпби құрған азаматтар: «Менің әліпбиімді қолдады, бекітеді» дегенді айтуда. Бұл қате пікір. Бізге латын әліпбиіне көшуге байланысты қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт бөлінеді», - деп нақтылады Нұрғиса Дәуешов.

Вице- министрден кейін сөз алған  ҚР мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов осынау тақырыптың өзектілігіне қуаттай келе, Президент Қасым-Жомар Тоқаев ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға әліпби ауыстыру мәселесін, таңбалауды қайта қарауды тапсырғандығын, соған сәйкес Тіл саясаты комитеті ұсынылған жобаларға жіті көңіл бөліп, арнайы мамандар талқылауы мен сараптамасын ұйымдастырып отырғандығын тілге тиек етті.

«Біз бүгін жаңа әліпби емлесі мен оны оқыту әдістемесінде кездесетін қиындықтардың алдын алу үшін бас қосып отырмыз. Сонымен қатар авторлық әліпби нұсқаларын талқылайтын боламыз. Талқылауда автор өз жобасын филолог ғалымдар мен ІТ мамандар алдында қорғайды. Әрбір жобаның артықшылықтарын ескеріп, жалпыхалыққа ыңғайлы әліпби жасайтын боламыз»- деді Ғалымжан Мелдешов.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов: «Ғылым революцияны сүйеді. Тіл де үлкен бір ғылым саласы. Оның заңдылықтары мен ережесі заман талабына сай өзгеріске ұшырауы да заңды. Дегенмен де біз ұлттық төл таңбаларымызды, қазақ тілінің тазалығы мен ерекшеліктерін жазуда да, сөйлеуде де сақтап қалатын әліпби жасауға тырысамыз. Бұл жолда бір сәт те тоқтамаймыз» - деді.

Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Нұргелді Уәли жаңа әліпбидің орфографиялық ережелерінің ғылыми негіздері жөнінде айта келе, таңбаның дыбыстық мәніне басымдық беру қажет екендігіне тоқталды.

- Әріп ашу грамматикалық яғни жазу мәселесі. Ал буын ашу фонетикалық деңгей болса, таңбалау орфография мәселесі. Біз әліпби жазауда осы үштікті негізге алуымыз керек. Сонда нақты әрі, базалық нормаға сай әліпби жасап шығамыз, - деді Нұргелді Уәли.

Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры шет тілінен енген сөздерді жаңа әліпбиде жазу нормалары туралы ашып айтып, ағылшын тілі жазуындағы қателіктерді қайталамауға шақырды.

- Әліпби жасағаннан кейінгі біздің басты мәселеміз оны түрлі аудиторияға «қалай үйретуіміз керек?» болатыны анық. Біз әліпбиді оқыту барысында ата-бабамыздан мирас болып қалған сөзді оның айтылуы, дыбысталуы мен грамматикасын бұзбастан жеткізуге міндеттіміз. Әліпби жасаймыз деп тіл табиғатына тисе алмаймыз. Сондықтан әрбір әріпке дұрыс, сәйкес таңба беруге тиіспіз. Оны техника мүмкіншілігімен шектеуге болмайды,- деді Таңат Аяпова.

Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Жанбота Есепбай орта білім жүйесіне латын әліпбиінің енуі жөнінде және т.б. ғалымдар жаңа әліпбидің, оның емле ережелерінің әр алуан мәселелері жөнінде баяндамалар жасады.

- Тұңғыш Президент жарлығымен енгізілген қазіргі әліпби мұнан бұрын ұсынылған диграф, апостроф әліпбилерге қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Себебі бұл әліпбиде қазақ жазуының негізгі принципі сақталған. Және акут тұстас бір графикалық белгі ретінде қабылданады. Ал апостороф олай қабылданбайтын. Дегенмен де бізде ch, sh таңбаларына қатысты мәселелер туындап отыр. Себебі диграф арқылы берілген сөздерді әліпбиді енді оқып, үйреніп жүрген балаға меңгерту өте қиын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпби үлгісін қайта қарау жөнінде тапсырма беруі расын айтқанда, ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Біз баршамыз бірігіп, ортақ шешіммен мәселенің түйінін тарқатамыз деп ойлаймын, - дейді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова.

Конференция секциялық мәжіліспен жалғасады...

Онда әліпбидің әдістемелік мәселелері, латын әліпбиін енгізудің халықаралық тәжірибесі туралы ғылыми пікіралысулар болады. Конференция аясында латын әліпбиінің Министрлікке ұсынылған нұсқалары сарапталады. Ұсынылған жобаларға Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері, ғалымдар Жантас Жақыпов, Қарлығаш Сәрекенова, Зейнеп Базарбаева, Жанар Жұмабаевалар ғылыми сараптама жасайды. Сонымен бірге бұл әліпби жобаларына Ақпараттық сүйемелдеу және техникалық жетілдіру жұмыс тобының мүшелері ІТ мамандары Рымбек Ізғали, Аршат Ораз, Нартай Әшімдер кәсіби тұрғыда пікір білдіреді. Сонымен қатар, конференция аясында географиялық атаулар мен кісі есімдерінің жаңа әліпбиде жазылу ережелері осы ғылыми мәжіліске қатысқан ғалымдар арасында талқыланады.

Республикалық ғылыми жиынның қорытындылары бойынша Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының конференцияда айтылған міндеттері нақтыланып, ұсыныстары сараланады.