Бағдат Мусин Үкімет отырысында баяндама жасады

Бағдат Мусин Үкімет отырысында баяндама жасады

Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады. Ол министрліктің қызметі туралы айтып, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы негізгі жетістіктермен бөлісті.

 «Еліміздегі цифрлық трансформацияны сәтті жүзеге асыру үшін барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар белсенді атсалысуы қажет. Дәл осы цифрлық шешімдер қоғам үшін оң нәтижеге қол жеткізіп, сондай-ақ  мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді етуге  жол ашатынын түсіну керекпіз»,- деп атап өтті министр.

Бұл ретте цифрлық даму министрі Бағдат Мусин қызметтерді мобильдік қосымша арқылы алу жиілігі артқанын, 2022 жылдың 5 айында  цифрлық құжаттар 6 млн-нан астам рет қолданылғанын хабарлады. Қазақстандықтарға цифрлық форматта 18 құжат қолжетімді, оларды тек EGov арқылы ғана емес, екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы да пайдалануға болады.

Сондай-ақ министр азаматтарды құжаттандыруды адами факторсыз жүзеге асыратын жаңа жоба - арнайы терминалдар енгізіле бастағанын  айтты. Егер бүгінгі таңда бұл қызметті көрсетуге 20-30 минут жұмсалса, ал терминалдар арқылы құжаттандыру қызметі 5-10 минутта көрсетіледі.

Жыл соңына дейін сыртқы платформаларға ең танымал 20 мемлекеттік қызмет шығарылады.

Әлеуметтік саланы цифрландыруға келетін болсақ, еліміздің 17 өңірінде мүгедектіктің 3-тобын сырттай куәландыруға бағытталған арнайы пилоттық жоба енгізілуде. Мысалы, бұған дейін мүгедектікті немесе жұмысқа жарамсыздық деңгейін белгілеу үшін тұрғылықты жеріндегі емханаға барып, сосын медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберілетін. Ал қазір мүгедектікті белгілеу үшін тек медициналық мекемеге барса жеткілікті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құзіретіндегі 23 мемлекеттік қызметтің 11-і мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға көрсетіледі. Мұндай қызметтерді проактивті форматқа ауыстыру арқылы құжат ресімдеу процесін жеңілдетіп, мүгедектігі бар жандарды артық жүріс пен қағазбастылықтан босату көзделген.

Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы да проактивті форматқа ауыстырылды: жәрдемақыға өтініш беру үшін құжаттарды өз бетінше жинаудың қажеті жоқ, барлық процесс автоматтандырылған.

Жалпы, министрдің айтуынша, цифрландыру барлық саланы, соның ішінде санэпидқадағалау, ауыл шаруашылығы және тіпті құрылыс саласын да қамтиды. Алайда бұл бағытта әлі де талай жұмыс атқару  керек.

IT-саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл орайда Қазақстан қарқынды түрде дамып жатыр. Мәселен, бүгінде «Astana Hub» -та 750-ден астам резидент бар, стартап-жобаларға 70 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, 5 өңірлік технопарк ашылды.

«IT-экожүйені дамыту үшін адами капиталға назар аудару маңызды. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті IT-маман даярлау міндетін қойды. Өткен жылы елімізде 7 жекеменшік инновациялық бағдарламалау мектебі іске қосылды. Биыл тағы да осындай 5 мектеп ашылады. Балама білім беру ретінде өткен жылы 13 IT-мектепке 100 ваучер берілді. Биыл 3 мың ваучер ұсынылады», - деді Бағдат Мусин.