Бағдат Мусин геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы заңды қайта қарауды ұсынды

Бағдат Мусин геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы заңды қайта қарауды ұсынды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында баяндама жасап, депутаттардың назарына «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне геодезия, картография және кеңістіктік деректер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңжобаларын ұсынды.

Министр Мусин 2002 жылы қабылданған қазіргі заңды қайта қарауды ұсынды.  «20 жылдың ішінде геодезия және картография саласы үлкен өзгеріске ұшырады. Өндіріске цифрлық технологиялар мен спутниктік құралдар енгізіліп, кеңістіктік деректердің дәлдігі мен тиімділігіне, қолжетімділігіне деген талаптар күшейді. Сондықтан олқылықтар мен қайшылықтарды жөндеу үшін қазіргі заңды редакциялап, ілеспе заң қабылдау қажет», - деді Бағдат Мусин.

Негізгі Заңның жобасы жүзеге асса, жер қатынастары, сәулет, құрылыс, жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау, геология, тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін қызметтердің жылдамдығы мен сапасы, мемлекеттік бақылаудың тиімділігі мен жеделдігі артып, сондай-ақ адал бәсекелестікке жол ашылады.

Заңжобаларда Қазақстанның бірыңғай цифрлық картографиялық негізін жасауға мүмкіндік беретін дәлдігі жоғары геодезиялық координаталар жүйесімен қамтамасыз етуді көздейді.

«Қазіргі таңда елімізде кеңестік кезеңнен қалған 1942 жылғы СК-42 мемлекеттік координаталар жүйесі орнатылған. Бұл жүйе қазіргі заманның талаптарына сай емес, әбден ескірген, деректердің дәлдігі мен тиімділігі төмен», - деді министр Мусин.

Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік координаталар жүйесі жоқ, нәтижесінде шектеу белгісі бар мәліметтерді пайдаланбас үшін субъектілер ашық көздердегі, яғни бұрыс жүйелерді қолданып жүр. Мәселен, бір елді-мекеннің әртүрлі бірнеше координаттар жүйесі болуы ықтимал.

Заңжобада қарастырылған жаңашылдықтардың бірі – Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын (ҰКДИ) енгізу, яғни ақпараттар дәл, жедел және өзекті болуы үшін кеңістіктік деректер бір платформада бірыңғай форматта және бірыңғай талаптарға сай қалыптастырылатын болады.

Ілеспе заңжобасында Жер кодексіне, сондай-ақ «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Мемлекеттік шекарасы туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.