Ұлттық академиялық кітапханада кітап және фото көрмесі өтеді

Ұлттық академиялық кітапханада кітап және фото көрмесі өтеді

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында кітап және фото көрмесі өтеді.

Кітап көрмелері Алтын Орданың 750 жылдығы, әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған.

«Абай тағылымы» атты иллюстративті-кітап көрмесі ұлы Абайдың өмір жолы мен шығармалары, дүниетанымы мен баға жетпес мұрасымен таныстыратын 8 бөлімнен тұрады. «Қалың елім қазағым...», «Абай туралы», «Абайдың дүниетанымы», «Абай шығармалары туралы», «Қазақ халқының рухани асыл мұрасы», «Мерзімді басылымдар Абай туралы сыр шертеді», «Абай» романы – қазақ өмірінің айнасы, үлкен шежіресі», «Абайдың бейнесі суреткерлер көзімен» атты бөлімдерде ұлы Абай тек қазақ халқының ғана ақыны емес, әлемдік әдебиетке ортақ тұлға ретінде көрсетіледі.

«Әл-Фараби мұрасы» атты кітап көрмесінде Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен қызметі жайында баяндайтын 400-ден астам кітап, фотосуреттер, карталар мен дәйексөздер ұсынылады. Көрме 5 бөлімнен тұрады.

«Айбынды Алтын Орда» атты кітап көрмесінде Алтын Орда мемлекетінің құрылуын, даму тарихын, күйреуін баяндайтын 160-қа таман кітап, фотосурет, карта мен дәйексөздер ұсынылады. Көрме 3 бөлімнен тұрады: Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, Алтын Орда мемлекетінің даму тарихы мен ыдырауы және Ұлытау - хандар мекені.

Сонымен қатар, «Әлемді жақсы жаққа өзгерт» атты Еріктілер жылына арналған кітап және фотокөрме ұйымдастырылып отыр. Көрменің мақсаты – еріктілік бастамалардың қарқынды дамуына қолдау көрсету және ҚР-да волонтерлік мəдениетті дамыту мақсатында ақпараттық қолдау көрсету.

Ал «Журналистика ─ дәстүр мен жаңашылдық жаршысы» атты кітап және фотокөрмесі келушілерді Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы қазақ журналистикасының тарихы мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына арналған кітаптармен таныстырады.