ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық құжаттарды танымал платформаларға енгізді

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық құжаттарды танымал платформаларға енгізді

Қазақстандықтар арасында танымал Kaspi.kz және Halyk Homebank мобильді қосымшаларына «Цифрлық құжаттар» қызметі енгізілді. Бұрын цифрлық құжаттарды тек eGov Mobile қосымшасы арқылы ғана пайдалануға болатын.

Енді Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларындағы мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінде азаматтар «Цифрлық құжаттар» сервисін көре алады. Жүйеге кіру кезінде пайдаланушы бір реттік пароль арқылы цифрлық құжаттарды қолдануға келісімін беруі керек, келісімсіз деректер сыртқы платформаларға жіберілмейді. Клиентті сәйкестендірудің бұл механизмі жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тараптардың алаяқтығының алдын алады. Сұраныс орнында цифрлық құжатты ұсыну үшін QR кодты немесе қысқа алты таңбалы кодты пайдалану қажет.

«Цифрлық құжаттар» азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие және құжаттардың түпнұсқасын өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ – барлығы смартфонда, қазірдің өзінде оларды 10 миллионға жуық адам тұрақты түрде пайдаланады. Бұл сервисті одан әрі ыңғайлы ету үшін біз қызметті қазақстандықтар арасында танымал үшінші тарап платформаларына енгізіп жатырмыз, бірақ бұл функция азаматтың келісімімен ғана қолжетімді болады»,- деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Цифрлық құжат – құжаттың түпнұсқасының баламасы болып табылады. Қазіргі уақытта «Цифрлық құжаттар» сервисі 10 млн.жуық азамат белсенді пайдаланатын 18 құжаттан (жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакцинация паспорты, ПЦР тест және туу туралы куәлік және т. б.) тұрады.

Бүгінгі күні цифрлық құжаттарды еліміздің барлық әуежайларында, «ҚТЖ» АҚ теміржол вокзалдарында пойызға отырғызу кезінде, «Отбасы Банк» АҚ бөлімшелерінде, Beeline ұялы байланыс операторында, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер мен нотариустардан қызмет алу кезінде пайдалануға болады.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Kaspi.kz және «Халық банкі» АҚ интеграциясы арқасында цифрлық құжаттар сыртқы платформаларда қолжетімді болды.

Анықтама үшін:
Цифрлық құжат – цифрлық құжаттар сервисі қалыптастыратын, мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда алу үшін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде қажетті электрондық құжат. «Цифрлық құжаттар» сервисі жеке басты куәландыратын құжат түпнұсқасының электрондық нұсқасын тікелей пайдалануды көздейді, бұл азаматтарға басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қандай да бір қызметтер көрсету үшін (мысалы, әуе және т/ж билеттерін сатып алу кезінде және т.б.) электрондық құжатты ұсынуға мүмкіндік береді.