Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілдерімен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Бағдат Мусиннің айтуынша, Президенттің кадрлық резерв жасақтау туралы бастамасы - мықты мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
«Баршамыз «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз. Сол «Жаңа Қазақстанды» құруға қандай септігімді тигізе аламын деп ойлану керек. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай. Бұл үшін өздеріңіз де ынталы болу керексіздер. Кадрлық резерв - жас және перспективалы мамандар үшін жақсы мүмкіндік. Әрі қарай қалай жұмыс істейсіздер, қай бағытта ат салысасыздар - өздеріңізге байланысты. Ең бастысы, мақсатты айқындап, жауапкершілікті сезіну қажет», - деді министр .
Сондай-ақ Бағдат Мусин бірінші құрамдағы резервистермен ЦДИАӨМ-де қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті. Оларға басқарма басшысы, департамент директоры және директордың орынбасары, аймақаралық инспекция басшысы ваканттық лауазымдары ұсынылған болатын.
Қазіргі таңда ЦДИАӨМ мен соған қарасты ұйымдарда Президенттік жастар кадрлық резервінің 14 мүшесі жұмысқа алынған. Оның үстіне 2022 жылғы іріктеу нәтижесі бойынша ЦДИАӨМ қарасты ұйымдардың 2 қызметкері Президенттік жастар кадрлық резервіне енді.
ЦДИАӨМ ваканттық лауазымдар бойынша резервистерді жұмысқа орналастыру үрдісін жалғастырып жатыр, сондай-ақ оларды консультативтік-кеңестік органдар мен жұмыс топтарына тарту мәселесі қарастырылуда.