Маңызды ақпарат!

Маңызды ақпарат!

Құрметті азаматтар!

Осымен сіздерге мыналар туралы хабарлаймыз:

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы жер реформасы бойынша Комиссия өткізілді.

Комиссия «орталық-аймақ» қағидаты бойынша заңнамалық тұрғыда жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды бірыңғай сатылы етіп орнатуды ұсынды.

Осыған орай, 2021 жылғы 30 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтарынан бастап, жергілікті атқарушы органдардың бағынысындағы жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдары (бұдан әрі – мемлекеттік мекемелер), Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің  Жер ресурстарын басқару комитетінің (бұдан әрі – Комитет) қарамағына өтті.

Қазіргі уақытта Заңның аталған бөлігін жүзеге асыру мақсатында Комитет тарапынан мынадай іс-шаралар жүзеге асырылуда:

  1. Мемлекеттік мекемелерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қабылдау;
  2. Мемлекеттік мекемелерді жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі аумақтық департаменттері (бұдан әрі – Департаменттер) етіп қайта құру және мемлекеттік тіркеуден өткізу;
  3. Департаменттерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жерлердiң пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органдарының құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мұрагерлері ретінде айқындау.

Бұл ретте жоғарыда аталған іс-шаралар тиісті рәсімдерден өтеді және заңнамада белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 147-бабының 2-тармағына сәйкес, Департаменттер өз аумақтарында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.

Осыған орай және қазіргі уақытта аумақтық департаменттерді құру шараларының жүргізіліп жатқандығын ескере отырып, жеке және заңды тұлғалардан жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау мәселесіне қатысты жергілікті атқарушы органдарға және орталық уәкілетті органдарға түскен арыз, шағымдарын қарау уақытша тоқтатылады.