Бағдат Мусин Павлодардағы IT-мектептің ашылуына қатысты

Бағдат Мусин Павлодардағы IT-мектептің ашылуына қатысты

Павлодарда Торайғыров университетінің базасында ақпараттық технологиялар саласына қажетті мамандарды даярлайтын оқу мекемесі ашылды. Қазіргі таңда Павлодар облысының 260 тұрғыны жаңа мектепте білім алуға тілек білдірді.

IT -мектепте оқыту ІТ саласының бағыттары мен мамандықтары бойынша жүргізіледі. Мұнда қысқа мерзім ішінде нақты компанияларда, сондай-ақ фриланста жұмыс істейтін мамандар даярланады.  Жаңа оқу мекемесінің алғашқы білім алушыларын ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бейнеконференцбайланыс арқылы құттықтап, ашылу салтанатына қатысты.

"Президент "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасын бекітті. Осы жоба аясында Павлодар алғашқы боп IT-мектеп ашты. 2025 жылдың аяғына дейін біз елімізде осындай 20 инновациялық мектеп ашып, ІТ-мамандықтары бойынша тегін оқуға мүмкіндік беретін 20 мың ІТ-ваучер бөлмекпіз"- деді Бағдат Мусин.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов Павлодар облысында ақпараттық технологиялар мен цифрландыру саласын дамытуға бағытталған ауқымды білім берудің ауқымды экожүйесі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

"Бәрі де мектеп қабырғасынан басталады, сондықтан өңірімізде былтырдан бастап «Заманауи мектеп» бағдарламасы жүзеге асырылып, 12 мектеп модернизациядан өтіп, робототехника және ІТ сыныптары ашылды. Мұндай заманауи мектептерде балаларға болашақта қажетті дағдылар үйретіледі. Егер бала IT саламен айналысқысы келсе, оның бірнеше жолдары бар. Оның бірі- келесі жылдың басында ашылатын Ақпараттық технологиялар колледжіне оқуға түсу мүмкіндігі. Қазір колледж ғимаратында жөндеу жүргізіліп, құрал-жабдықтар жаңғыртылып, білім алушыларға қосымша сипаттағы дағдыларды үйрету үшін оқу әдістемелері қайта қаралып жатыр.  Сондай-ақ осы жылдан бастап Торайғыров университетінде Computer Science факультеті жұмысын бастады. Бұл өңіріміз үшін аса маңызды оқиға", - деді.

Жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Павлодар облысы әкімдігі және Eurasian Resources Group корпорациясы жүзеге асырды.