Digital Bridge үшінші халықаралық форумы қалай өтті?

Digital Bridge үшінші халықаралық форумы қалай өтті?

27-29 қазанда Digital Bridge цифрландыру бойынша халықаралық форумы бір алаңда қазақстандық және халықаралық IT-қауымдастықтың өкілдерін біріктірді. Форум шеңберінде IT-стартаптар өз өнімдерін дамытуға 250 мың АҚШ долларға ие болды.

Форумда министр Бағдат Мусин IT-қауымдастыққа «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын ұсынды. Әлеуеті бар IT–жобаларды дамыту мақсатында бірқатар келісімшарттарға қол қойылды, сонымен қатар үздік IT-стартаптарға ақшалай чектер мен IТ-мамандықтарға оқуға мүмкіндік беретін ваучерлер табысталды.

Іс-шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі,  «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ және Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркі.

Форумның бірінші күніне Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Президент Әкімшілігінің басшылық құрамы, Премьер-министр Аскар Мамин, Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Президенттің назарына стартаптар аллеясы ұсынылып, Astana Hub-тың IT-экожүйесі жайлы айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Цифрландыруды енгізу мәселелері бойынша комиссиясының отырысы өткізілді.

Министр Бағдат Мусин форумға қатысушыларды құттықтап, саланың жағдайы, цифрландыру мен жаңа жобалар туралы айтып берді.​ ​

Осы жылы іскерлік бағдарламаның негізгі тақырыптары: білікті АТ-мамандарды даярлау, мемлекеттік қолдау шаралары, “ақылды” қалалар мен венчурлық нарықты дамыту, қазақстандық IT-өнімдерді шетелге шығару, цифрлық инклюзия, онлайн білім беру, IT-дегі әйел адамдар, GameDev индустриясын дамыту, цифрлық медиа мен инфлюенс-маркетинг.

Сонымен қатар форум шеңберінде ҚР ЦДИАӨМ мен HUAWEI, «Ғалам» ЖШС пен OneWeb, Astana Hub пен MTS арасында екіжақты және Astana Hub & Кремний алқабының акселераторы Plug and Play Kazakhstan & Transtelecom арасында үшжақты келісімшартқа қол қойылды.

Plug and Play Kazakhstan әріптестігінің шеңберінде корпоративті акселератор іске қосылды, мұнда 20 қазақстандық IТ-стартап Кремний алқабы мамандарының жетекшілігімен өз дағдыларын жақсарту мүмкіндігіне ие бола алады. Ал MTS StartUp Hub инновациялар мен инвестициялар ортылығы Нұр-Сұлтандағы Astana Hub территориясында бесінші буын желілерінде Қазақстанның технологиялық компаниялары мен стартаптардың шешімдерін іріктеу, тестілеу және жөнге келтіру мақсатында 5G орталығын ашуға көмектеседі.

Digital Bridge алаңында технологиялық стартаптар екі күн бойы дәстүрлі Astana Hub Battle-да шайқасты. Осы жылы Astana Hub Battle байқауына қатысуға 250 сұраным келіп түсті, ал өз стартаптарын әділ қазылар назарына тікелей 89 компания ұсынды. Байқау қорытындылары бойынша үздік жас АТ-компаниялардың үштігі анықталды. Олардың ішінде:

1 орын — Oquda студенттерді шетелдік университеттерге түсіру саласындағы алғашқы Market Network платформасы. Платформа бір сатып алушыға шетелдік білімді қолжетімді ету үшін дүние жүзі бойынша мамандардың жұмысын ұйымдастырады.

2 орын — Parqourақылды көлік қою жүйесі, ол нөмірлердің 99%-ын анықтап танып, көлік қоюдың бағасын автоматты түрде есептеп, төлемді  QR_коды арқылы немесе кез келген банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асыруға көмектеседі.

3 орын — UvU балаларды қауіпсіз тасып жеткізетін ортақ сапар ақылды жүйесі бар мобильді қосымшасы.

 Компаниялар өз IT-өнімдерін дамыту үшін $10 000 (1 орын), $5 000 (2 орын), $ 3 000 (3 орын) сомасында ақшалай чектерге ие болды.

Форумда Astana Hub-тан Seed Money қаржыландыру байқауының жеңімпаздары айқындалды. Parqour, Kids Security, SipSim, FlowSell.me, Oqylyq.kz жас АТ-компаниялары стартаптарын дамыту үшін 20 млн. Теңгеге ие болды. Салтанатты түрде табыстау рәсіміне ҚР  Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыштық өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев қатысты. Қаржыландырудан басқа байқау жеңімпаздары тегін жұмыс кеңістігі, оқу мен жетекшілік, инвесторлар мен 500 АТ-компаниядан тұратын қауымдастыққа, салықтық және визалық преференциялар, PR-сүйемелдеуге қолжетімділік түріндегі қолдауға ие болады.

ҚР  Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыштық өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Tech Orda бағдарламасының шеңберіндегі АТ-мамандықтарына оқуға байқау іріктеуінің алғашқы бес жеңімпазына   сомасы 600 мың теңге оқу ваучерлерін табыстады.

IT-ваучерлер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 мың білікті IT-маман даярлау тапсырмасын орындауға бағытталған.

«Бүгін біз  алғашқы бес IT-ваучерді табыстап отырмыз. Бұл іс-шараның қазақстандық IT-секторды күшейтудегі маңызы зор. Мемлекетімізге жас, білімді, жасампаз және ынталы мамандар қажет. 2025 жылға дейін біз 20 мың IT-ваучерді ұсынбақпыз. Бұл IT-секторда келешекте сапалы өнімдерді шығара алатын жоғары білікті мамандардың көбеюіне жол ашады», – деді ҚР  Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыштық өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Бағдарламаны ҚР  Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыштық өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Astana Hub технопаркі жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама қазақстандықтарға IT-мамандығын меңгеру үшін 600 000 теңге қаражатқа ие болуға мүмкіндік береді. 2021 жылы іске қосылған бағдарлама аясында 100 қазақстандыққа үздік бағдарламалау мектептерінде оқуға квота беріледі. Аталмыш бағдарламаға Қазақстанның 13 IT-мектебі қатысуда (Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы, Қарағанды, Орал, Семей, Ақтау).

«Осы жылы Digital Bridge 2021 форумына Қазақстан, Ресей, Беларусь, АҚШ пен Индонезияның 70-тен астам спикерлері мен 5000-нан астам қатысушының басын біріктіріп отыр. Форум алғашқы рет аралас форматта өткізілуде - шамамен 1000 офлайн қатысушы мен 4000-нан аса адам дүние жүзінің түкпір-түкпірінен онлайн қосылды. Форум алаңында жоғары деңгейдегі ресми кездесулер де, IT-қауымдастықтың бірқатар бейресми іс-шаралары да өткізілді. Форум АТ-саланың дамуына жаңа серпін берді», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.   

Digital Bridge 2021 форумы «Қазақтелеком» АҚ, BTS Digital, «Теңізшевройл» ЖШС пен «Транстелеком» АҚ қолдауымен өткізілді.