
Digital Bridge форумы аясында «Ғалам» ЖШС мен OneWeb спутниктік байланыс халықаралық компаниясы арасындағы Меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ Форум алаңында OneWeb ұйымы төменгі орбиталық спутниктік жүйе арқылы Интернетке кеңжолақты қатынау қызметін ТМД тарихында алғашқы рет қоғам назарына ұсынды. Демонстрациялық сынақ «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ және «Жусан Мобайл» АҚ қолдауымен «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген OneWeb Kazakhstan Ltd компаниясының құрал-жабдығында жүргізілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш орталығының территориясында орнатылған бұл жабдықты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ сүйемелдейді.
Сынақ барысында жылдамдық (спутниктік терминалға 195 Мб/с даунлинк пен 32 Мб/с аплинк), джиттер (3-5 мс) және сигналды ұстау (30-40 мс) бойынша жақсы нәтижелер көрсетілді.
OneWeb елімізде Орта Азиялық технологиялық хабтың құрылысын аяқтағанша осындай демонстрацияларды өткізіп тұруды жоспарлауда. Хаб салынып болған соң Компания еліміздің шалғай ауылдарын да кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін Қазақстанның байланыс операторларына шешімдер ұсынатын болады.
Оның үстіне Digital Bridge-2021 алаңында OneWeb компаниясы мен «Ғалам» ЖШС Қазақстан Республикасында OneWeb спутниктер бөлшектерінің өндірісіне тапсырыс жасауға ниет білдіру туралы хаттамаға қол қойды.
Айта кету керек, 28-29 қазанда Қазақстан астанасында «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр. Жетекші ІТ-мамандар мен технологиялық кәсіпкерлер цифрлық даму бағытындағы инновациялық шешімдері туралы ой бөлісіп, тәжірибе алмасу үшін бас қосты. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырған форумға «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі» корпоративтік қоры мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ қолдау көрсетуде.