Ақмола облысының мониторингтік топтары карантин бұзушыларды анықтауда

Ақмола облысының мониторингтік топтары карантин бұзушыларды анықтауда

             Ақмола облысында 27 қыркүйектен бастап салтанатты, отбасылық іс-шаралар, ас беру, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар өткізуге рұқсат берілді. Дегенмен, бекітілген санитарлық қағидаларды қатаң сақтай отырып, ғимараттың толтырылуын 50%-дан асырмай, оның ішінде 50 орыннан аспаған жағдайда және «Ashyq»-та «жасыл» статусы бар келушілер ғана болса рұқсат етілген. Тиісті шешімді COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдаған.

             Алайда, елордалық облыстың СЭБД-тың айтуынша, бұл шешімді барлық кәсіпкерлер мен аймақ тұрғындары сақтамайды. Тек өткен демалыс күндері мониторингтік топтар қонақтар саны көп болған салтанатты іс-шараларды өткізудің 5 фактісін анықтады. Сондай-ақ, карантинді бұзушылардың тізімін қызметкерлері бетперделік режимді сақтамаған объектілер толықтырды.

             Анықталған барлық бұзушылықтар бойынша материалдар Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Жыл басынан бері мониторингтік топтар 28 944 объектіні карантиндік шаралардың сақталуын тексерумен қамтып, нәтижесінде 624 бұзушылық анықталды.

             Жалпы, карантин шараларын бұзғаны үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, 86 000 000 теңгені құрайтын 654 айыппұл салынды. 16 материал әкімшілік соттарға қарау үшін жіберілді.