Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 30 жыл

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 30 жыл

Биыл тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 30 жыл толды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен дөп келген бұл айтулы оқиға ел тарихында алтын әріптермен айшықталған.

1991 жылы 2 қазанда Тоқтар Оңғарбайұлы "Союз ТМ-13" кемесінде экспедицияның зерттеуші ғарышкері ретінде "Мир" орбиталдық кешеніне ғарышқа ұшты.

Т. Әубәкіровпен бірге ғарыш кемесі бортында ресейлік Александр Волков пен алғашқы австриялық ғарышкер Франц Фибек болды. Олар Жерге 1991 жылы 10 қазанда "Союз ТМ-12" кемесінде оралды.
Ол ғарышта 7 күн 22 сағат 12 минут өткізді.

Т. Әубәкіров ғарышта "Ғарыш-Қазақстан" алғашқы қазақстандық ғарыш бағдарламасы аясында тәжірибелер жүргізіп, құрғап қалған Арал теңізінің үстіндегі тұзды құйындарды түсіріп, сондай-ақ медициналық зерттеу үшін өзінен қан анализін алған.

Тоқтар Әубәкіров- қазақтың тұңғыш, әлемнің 256-шы, КСРО-ның 72-ші ғарышкері, Қазақстанның ӘӘК генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы.