Бағдат Мусиннің Қырғыз Республикасына іссапары

Бағдат Мусиннің Қырғыз Республикасына іссапары

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Бішкек қаласында іссапарда жүр.

Бағдат Мусин Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары,  цифрлық даму министрі Дастан Догоевпен кездесіп, екі елдің цифрландыру саласындағы серіктестігін талқылады.

Министр бастаған қазақстандық делегация өкілдері Қазақстанда енгізілген цифрлық жобалар жайлы айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Кездесу барысында тараптар байланыс және интернет саласындағы серіктестік, екі елдің шекарасында орналасқан «Западная» радиотелевизиялық станциясын бірге пайдалану, сондай-ақ стартаптар экожүйесін дамыту, инвестиция тарту, акселерация бағдарламаларын жасау және ұсыну аясында Astana Hub пен Қырғыз Республикасының Жоғарғы технологиялар паркінің ынтымақтастығы туралы талқылады.

Бүгін бірінші рет екі ел арасындағы алғашқы трансшекаралық құжат айналымы сынақтан өткізілді. Енді біздің елдердің мемлекеттік органдары мен басшылығы ресми хат жазысу, нота жолдау және тағы да басқа құжат айналымын ЭЦҚ-мен қол қою арқылы электрондық нұсқада жүргізе алады.

Қазақстандық делегация құрамындағы отандық ІТ-компаниялардың өкілдері қырғыздық тарапқа өздерінің цифрлық өнімдерін таныстырды.

«Біздің басты мақсат-міндеттеріміздің бірі - қазақстандық сәтті жобаларды насихаттап, экспорттау. Сондықтан осы сапарға бірнеше отандық технологиялық компанияларды шақырдым  (Cerebra, Sergek, BilimMediaGroup, АзияСофт). Өз өнімдері жайлы айтып, таныстыру нәтижесінде олар цифрлық шешімдерін Қырғыз Республикасында пилоттық тәртіпте іске қосу бойынша келісімге қол жеткізді», - деді Бағдат Мусин.

ҚР ЦДИАӨМ Қырғызстан ІІМ-мен бірге ұрланған автокөліктер бойынша базаларды біріктіру және мәліметтермен алмасу мәселесін пысықтайтын болып келісті.

Қазақстандық мекеме басшысы ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Алымкадыр Бейшеналиевпен кездесу өткізді. Қырғыз тарабы Жасанды интеллект арқылы ми қан айналымының бұзылуын бастапқы кезеңде анықтайтын қазақстандық жобаға қызығушылық танытып, оны Бішкек ауруханаларында қолдану мәселесін көтерді.