«Цифрлық Қазақстан» аясында геодезия және картография саласындағы ең ауқымды жоба - Ұлттық кеңістік деректер инфрақұрылымы (ҰКДИ) іске асырыла бастады.
Қазіргі таңда еліміздің әр саласында, аймақтары мен мекемелерінде СК-42, СК-63, 1984 жылғы геодезиялық жүйе (WGS-84) сияқты түрлі және ескі координаттар жүйесі қолданылады. Нәтижесінде, мемлекеттік базалардағы, кадастрлар мен геопорталдардағы графикалық ақпараттар сәйкес келмей, азаматтарды сергелдеңге салуда.
ҰКДИ енгізу осындай олқылықтарды жойып, Қазақстанның заманға сай мемлекеттік координаттар жүйесін (Qazaqstan Terrestrial Reference System, QTRS) орнатуға және республика аумағын 100% ашық кеңістіктік деректермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жоба орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, кадастрларын, геопорталдарын біріктіру арқылы ортақ жүйе жасап, деректер бірізділігін қалыптастырады.
«Ұлттық кеңістік деректер инфрақұрылымы бытыраңқы кадастрларды бір ақпараттық кеңістікке интеграциялауға жол ашып, рәсімдерді автоматтандырады. Жаңадан пайда болған әрбір объект, үй болсын, жол болсын, тіркеуден өткеннен кейін жүйедегі дерек жылдам жаңартылып, бірден картада пайда болады. Осы жобаның арқасында сәулет, құрылыс, табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау, жер қатынастары, геология, тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларында халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы артады» - деді ҚР ЦДИАӨМ Геодезия және картография комитетінің төрағасы Қажымұқан Бекмұқашев.
Өзекті картографиялық-геодезиялық материалдар мен деректер мемлекеттік басқару, елдің инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа салаларда, сондай-ақ навигациялық қызметтер бағытында маңызды және қажетті геокеңістіктік негіз болып табылады.
2005 жылдан бастап Қазақстан территориясының 58 пайызының топографиялық картасы цифрланып, жаңартылды, сондай-ақ аумақтың 65 пайызына цифрлық аэротүсірілім жасалды.
Қазіргі таңда елдегі 3 мегаполистің, 13 облыс орталығы мен 51 қала/моноқала/шағын қаланың, 54 аудан орталығы мен 209 елді мекеннің цифрлық жоспарлары құрылды.
Жыл сайын геодезия және картография саласы мемлекеттік органдар мен жеке секторларды өзекті топографиялық-геодезиялық және картографиялық ақпаратпен қамтамасыз етеді.