Ескертусіз! Оқшаулану режимін бұзғандарға қомақты айыппұл салынуда

Ескертусіз! Оқшаулану режимін бұзғандарға қомақты айыппұл салынуда

       Қызылордада «Ashyq» жүйесі 2021 жылдың 26 сәуірінен бастап енгізілді. Бүгінгі күні кәсіпкерліктің 17 саласы бойынша 635 кәсіпкерлік нысаны «Ashyq» жобасына тіркелді. Оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары, компьютерлік және лото клубтар, сауналар, спа, фитнес, бильярд және боулинг орталықтары, бассейндер, қонақүйлер, театр және кинотеатрлар, халыққа қызмет көрсету орталығы, «Қорқыт Ата» әуежайы мен ТЖ вокзалы және т.б ерікті кәсіпкерлік нысандары бар. 

Облыста құрылған 167 мониторингтік топ «Ashyq»  жүйесіне қатысатын нысандарға 406 рейд жүргізді. Бұдан бөлек, «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарда «қызыл» және «сары»  мәртебелері бар 186 келуші анықталды. Анықталған «қызыл» мәртебелі тұлғалар қоғамдық тамақтану орындары мен «Қорқыт Ата» атындағы әуежайы және теміржол вокзалына кірмек болған. Оқшаулау режимін бұзған науқастарға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес жалпы соммасы 1млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Ал COVID-19 жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған тұлғаларға жеке Қаулылар шығарылды.

Облыста карантин талаптарын бұзушыларды анықтау бойынша мониторингтік топ жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері рейдтік тексерістермен 12 014 нысан қамтылды. Нәтижесінде 412 карантин талаптарын бұзушылықтар анықталып, 40 млн-ға жуық әкімшілік айыппұл салынды. Карантин талаптарын бұзушылықтардың басым көпшілігі облыс орталығында анықталды. Негізінен кәсіпкерліктің  қызмет көрсету салаларында, қоғамдық тамақтану орындарынан анықталуда, яғни бетперделік режимнің орындалмауына, арақашықтықтың сақталмауына қатысты деректер. Сонымен қатар отбасылық той-жиындар, ас беру шаралары әлі де азаяр емес. Мониторингтік топтар бұл бағыттағы бақылау шараларын тұрақты жүргізуде.