Шетелде жүрген қазақстандықтар үшін eGov.kz-те 5 жаңа қызмет қолжетімді

Шетелде жүрген қазақстандықтар үшін eGov.kz-те 5 жаңа қызмет қолжетімді

Шетелде тұрып жатқан қазақстандықтар енді некесін қию немесе бұзу, баланың тууын тіркеу, аты-жөнін өзгерту қызметтері мен қайтыс болғаны туралы анықтаманы электрондық порталдың көмегімен ала алады. Дайын құжат шетелдегі Қазақстан елшілігінде немесе консулдығында беріледі.

Бұл электрондық қызметтерді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Сыртқы істер министрлігімен бірге жүзеге асырды.

Онлайн форматқа шетелде тұрып жатқан отандастарымыздың арасында кең таралған мемлекеттік қызметтер ауыстырылды. Олар өздері тұрып жатқан елден шықпай-ақ, eGov арқылы осы қызметтерге қол жеткізе алады. Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтары да ат салысқан жұмыстың арқасында мұндай мүмкіндік 20-дан астам ірі елде іске қосылды.

Неке қиюды мемлекеттік тіркеу немесе некені бұзу үшін eGov.kz порталындағы «Отбасы» бөлімінде тиісті қызметті тауып, қажетті мәліметтерді енгізіп, консулдық алымды төлеу туралы чекті жүктеп, сосын сұратымға ЭЦҚ немесе SMS-құпиясөз арқылы қол қою керек.

Осыдан кейін жұбайыңыздың жеке кабинетіне сұратымды келісімдеу туралы хабарлама жолданады. Ол қажетті мәліметтерді толтырып, қол қояды. Қызмет көрсетілу мерзімі 1 ай.

Шетелде баланың тууын тіркеу үшін қолданушы қажетті мәліметтерді толтырып, сұратылған құжаттар мен консулдық алымды төлеу туралы чекті жүктеп, қол қояды. Қызмет 3 жұмыс күнінің ішінде көрсетіледі. Тегін, атын, әкесінің атын өзгерту үшін дәл осылай жасау керек, қызмет мерзімі – 30 күнтізбелік күн.

Қайтыс болуды тіркеу үшін қайтыс болған кісінің ЖСН теріп, қажетті мәліметтерді енгізіп, сұратымға қол қою керек. Қызмет мерзімі – 1 жұмыс күні.