Жер реформасы комиссиясының бесінші отырысы өтті

Жер реформасы комиссиясының бесінші отырысы өтті

Ауыл шаруашылығы министрлігінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Жер комиссиясының отырысы өтті.

 

Іс-шара барысында Комиссия мүшелері бұрын жұмыс топтарында қаралған мәселелер бойынша дауыс берді.

Атап айтқанда, комиссия АӨК саласын дамытуға оң ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Оның ішінде:

- қазақстандықтарға ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін негізгі шешім болып табылатын жаңа мерзімге жалға беруді ұзартудың басым құқығымен ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алу мүмкіндігін беру;

- барлық қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімді жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер кадастры деректеріне қолжетімділік жасау;

- жер қатынастарын цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 2023 жылдан бастап әкімдіктер жанындағы жер комиссияларын тарату;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қосалқы жалға беруге тыйым салу бойынша;

- қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерлерін бекіту туралы Үкімет қаулысын қабылдау бойынша;

- жайылымдық жерлердің жүктемесі туралы өзекті деректерді алу үшін космомониторинг сервисінің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз ету бойынша;

- жергілікті халыққа орман қоры жерлерін 10 жыл және одан да көп уақыт мал жаю және жем-шөп дайындау үшін пайдалану мүмкіндігін беру, сондай-ақ ауылдық елді мекеннің айналасындағы радиусты халық үшін қоғамдық жайылымдарға енгізу мәселелері бар.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беру туралы мәселені шешуді қосымша 5 жылға кейінге қалдыру ұсынылды. Мәселені кейінге қалдыру – ауыл шаруашылығы жерлерін бергенде адам араласпайтындай ашық тетіктерді әзірлеу, сондай-ақ елдің барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жүргізу және нарықтық бағаларды ескере отырып, олардың кадастрлық құнын қайта қарау үшін қажет.

Осы зерттеу-талдау жұмысы жүргізілген кезде ғана мәселенің өзектілігін нақты қарастыруға болады.

«Түпкілікті шешім қабылдауға біраз уақыт кететіні анық. Асығуға болмайды. Аталған жұмыстарды сапалы орындау және енгізу үшін 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт қажет. Осылайша, қазақстандықтар үшін жеке меншікке мораторийді көздейтін норманың қолданылу мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамын», - деді Е.Тоғжанов.

Бұл ұсыныс дауыс беруге шығарылып, Комиссия мүшелерінің көпшілігі қолдады.

Комиссия отырысын қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жер комиссиясы жұмысының нәтижелері туралы ақпарат берді.

Оның айтуынша, бір ай ішінде Комиссия мен жұмыс топтарының 12 отырысы өткізіліп, онда 113 мәселе мен ұсыныс қаралған.

«Оның 20-сы бойынша нақты шешімдер қабылданды. 28 ұсыныс Парламентке және 47 ұсыныс нақты шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жіберіледі. Жұмыс топтарында күн тәртібінен 18 сұрақ алынып тасталды. Отырыстар ашық өтті және телеарна мен интернетте трансляцияланды. Комиссияның әрбір мүшесі сөз сөйлеуге және өз пікірін айтуға толық құқылы болды», - деп қорытындылады Ералы Тоғжанов.