Байқоңырда адамның ғарышқа алғашқы ұшуының 60 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Байқоңырда адамның ғарышқа алғашқы ұшуының 60 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Жердің алғашқы адамы Ю.А. Гагариннің ғарышқа ұшуының 60 жылдығына орай ҚР ЦДИАӨМ Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен ғарышқа алғашқы ұшуының 60 жылдығына арналған халықаралық конференцияның пленарлық отырысына қатысты.

Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқып берді.

«Міне, 65 жыл бойы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып келген Байқоңыр ғарыш айлағынан 150 ғарышкер кең байтақ ғаламды игерді. Олардың қатарында қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар. Қазақстан мен Ресейдің одан әрі белсенді және жемісті ынтымақтастығы ғарыштық зерттеулер мен басқарылатын ұшулар саласындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға ықпал ететініне сенімдімін», - деді А. Мамин.

Конференцияның пленарлық отырысына «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының басшысы Дмитрий Рогозин, NASA әкімшісінің орынбасары Кеннет Бауэрсокс, қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов және Мұхтар Аймаханов, «One Web» және «SES Networks» спутниктік операторларының басшылығы және т.б. қатысты.

«Адамның ғарышқа ұшқанына 60 жыл! Бұл барлық адамзат үшін маңызды күн. Аэроғарыш саласында нәтижелер бар: 3 спутниктік топтама құрылып, жұмыс істеуде. Байқоңыр ғарыш айлағында бүгінде 2 үлкен жоба іске асырылуда: «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешені және әйгілі «Гагарин стартын» жаңғырту. Сондай-ақ болашақтың технологиялары да маңызды. Біз жерде орналасқан орбиталық спутниктік топтардың компанияларымен ынтымақтастық орнатудамыз. Олардың бірі «OneWeb» компаниясымен бүгін меморандумға қол қойдық», - деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Байқоңырда туризмді дамыту, Жерді қашықтықтан зондтау, спутниктік байланыс және хабар тарату жүйелерін пайдалану, Халықаралық ғарыш станциясындағы ғылыми зерттеулердің перспективалары саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша төрт «дөңгелек үстел» жұмысына оннан астам елдің мамандары мен сарапшылары қатысты.

Бүгін, «Союз МС-18» басқарылатын кемесі ұшырылып, оның халықаралық ғарыш станциясымен түйісетінін атап өту қажет.