Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жамбылдың ұстазы Ер Сарыбай би Айдосұлы» атты Сарыбай би Айдосұлының туғанына 200 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті.
Біздің анықтама: Сарыбай би Айдосұлы -- Ұзынағаштан Тәшкентке дейінгі аралықтағы қоқан қамалдарын алып, қалың елді қоқандықтардың езгісінен, зорлық-зомбылығынан азат етуге қатысқан, халықтың ынтымағы мен бірлігінің нығаюына ерен еңбек сіңірген әрі батыр, әрі би, тағылымы мол тарихи тұлға.
Сарыбай би 1821 жылы Алматы облысы, Ұзынағаш өзенінің бойындағы Қостөбе деген жерде дүниеге келген. Ол - өз заманының әділетті биі атанған және осы атқа өмірінің соңына дейін дақ түсірмей өткен дара тұлға. Ол қара қылды қақ жарған әділ би ғана емес, сонымен қатар, соғыста жауынгерлерге дем бере білген қолбасшы болған.
1864 жылы Шымкенттің оңтүстігіндегі Сайрам қаласы үшін болған ұрыста қаза тапқан Сұраншы мен Сүттібай батырлардың орнын басып, қазақ жасағына қолбасшылық жасаған. Сарыбай би Айдосұлы 1890 жылы қайтыс болған. Жиында сөз алған тарихшылар мен ғалымдар Сарыбай би Айдосұлының қызметі мен ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихында алатын орнын атап, тарихи тұлға туралы ғылыми тұжырымдарын айтты.
Олжас Сүлейменов, Қазақстанның Еңбек Ері ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры:
«Ұлы Дала төсінде талай мемлекет орнатқан, елдіктің туын жықпаған, елдігімізді де сақтап қалған, тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан ұлылар аз болған жоқ. Елі үшін жанын құрбан еткен ерлер халқының сөзін сөйлеп, әділдіктің ақ туын түсірмеген білімпаз билеріміз бен батырларымыз өткен. Жаугершілік заманда қазақ батырларымен қатар әділеттің жоқшысы болып, халықтың көкейіндегісін айтқан билердің де орны ерекше.
Менің «Аз и Я» деген еңбегімде «Түркі тілдеріндегі буй, би, бай, бей сөздерінің нұсқалары билік пен құрметке ие адамдарға қолданылды» деп анықтама берілген. Би тұғырына топты жарып таразы басын тең ұстап, әділдікті сақтап, қара қылды қақ жарып айтатын парасатты адамдар көтерілген. Жер жаннаты Жетісу өлкесінде небір билер мен шешендердің, батырлар мен ақындардың өткені рас. Осындай Жетісу өңірінде өмір сүріп, өз заманының шешені болған, әрі көсем, әрі би, әрі қолбастаушы батыр Сарыбай бидің ерлігін ұрпаққа өнеге ету парыз. Сарыбай би Айдосұлы әскери қолбасшы, Саурық пен Сұраншы батырлардың үзеңгілес серігі, қол бастаған батырларының бірі. Сұраншы батырдың жолдас жансерігі, оң қолы, сарбазы болған. Осындай батырлығы мен алғырлығы үшін полковник шенін алды. Жастайынан ел билігіне араласқан Сарыбай терең ақылымен, адал адамгершілігімен, өжеттілігімен танылған. Сарыбай би Алатауға ат басын тіреген Кенесары ханмен де, қырғыз манаптарымен де, орыстармен де терезесін тең ұстаған, бәрімен сыйлы араласып тұратын, Жетісу өлкесіндегі ең қиын даулы мәселелерді шешетін төбе би болған. Сарыбай бидің үлкен кемеңгерлігі атақты ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың ақылшы ұстазы болған. Жамбылды жас кезінен танып, біліп қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп, биікке қырандай самғатып, ұшырды. Елден шыққан өнер иелеріне ерекше қамқорлық көрсетеді. Ел арасында осы күнге дейін Сарыбай би айтыпты дейтін шешендік кесім, билік, тапқыр сөздер, мақал, нақылдар аз емес. Сарыбай би – бір елдің, бір өлкенің ғана емес иісі қазақтың мақтан тұтар ерекше қастерлейтін тарихи тұлғасы. Сондықтан, Сарыбай би Айдосұлын зерттеу, мәңгілік есте қалдыру, оның атқарған зор істерін бүгінгі және болашақ ұрпақ санасына сіңіру – айрықша міндет».
Дәулет Тұрлыханов, Күрес әлемінің Біріккен бюросының мүшесі, UWW Asia президенті, Совет Одағының, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері:
«Биыл 2021 жылы халқымыздың әйгілі батыры, биі – Сарыбай би Айдосұлының туғанына 200 жыл толып отыр. Біз қазақ елінің спорт сүйер қауымы Сарыбай би атамыздың басына барып, құран оқып күш-жігер алып қайтамыз. «Өткеніне көз салмаған, болашаққа түзу көзқарас қалыптастыра алмайды» дегендей, ата-баба рухына тағзым ету – біздің азаматтық борышымыз, - деп білемін. Бүгінгі жас ұрпаққа атамыздың өмірі, ерлігі, қайсарлығы, данышпандығы үлгі болары сөзсіз. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, артында қалған ұрпақтарына, елімізге Сарыбай би атамыздың аты мәңгі өшпес асыл мұра!»
Талғат Мұсабаев, Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы», Ресей Федерациясының батыры, ҚР авиация генерал-лейтенанты, техн.ғ.д.:
«XXI ғасырда өмір сүріп жатқан біздер – бақытты ұрпақпыз. Өйткені сандаған жылдар бойы аңсап, армандаған тәуелсіздігімізді алып, егемен елімізде өмір сүріп жатырмыз. Тарихымызға үңіліп қарасақ – еліміз бен жеріміз үшін қаншама шайқас, майдан, арпалыс, соғыс болды. Батыр бабаларымыз жауға қарсы тұрып, бастыны еңкейтті, тізеліні бүктірді. Міне, сондай атақты тарихи тұлғаның бірі – Сарыбай би Айдосұлы. Туған елі мен жері үшін бар ғұмырын арнаған Сарыбай бидің 200 жылдығын еске алу абыройлы іс. Халқы үшін күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылып, ат үстінен түспей сан шайқастарда орасан ерлік көрсетіп, сарбаздарға басшы болып сардар болған, дауға түсіп билік айтқан Сарыбай би бабамыз ірі тарихи тұлға. Ерін құрметтеген ел – бақытты. Мен әлемнің қаншама елін аралап көрдім. Бірақ, қазақ еліндей дархан, қазақ жеріндей ғажап жер жоқ. Бұл Сарыбай би Айдосұлы секілді бабаларымыздың ерлігі мен даналығының арқасында бізге мирас болған асыл мұра!»
Әбжанов Ханкелді Махмұтұлы, ҚР ҰҒА академигі, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, т.ғ.д., проф.:
«Сарыбай бидің жасампаздық және тұлғалық қасиеттері толық ашылған ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысы ұлттық және әлемдік бетбұрыстар мен өзгерістерге толы еді. Ұлы даланы орыс империясының 130 жылға созылған отарлау саясаты діттеген мақсатына жетті. Бұл қазақ халқының жер бетінде сақталып қалуы үшін жанталасқан күрес дәуірі болатын. Апат қаупімен бетпе-бет келген тұста Сарыбай бидің барша күш-қайраты мен ақыл-ойы елі мен жерінің тұтастығын, қауіпсіздігін, болашағын қорғауға жұмсалды. Жетісудың әйгілі тұлғаларымен, Арқаның сөз ұстаған ақылмандарымен тізе қоса қимылдады, Ресейдің, Қоқанның, Қырғыздың билеушілерімен келіссөздер жүргізді. Осының бәрінде оның сүйенген әрі сенген құдіреті – сөз. Тіл мен сөз – адам баласының бойындағы баға жетпес байлық. Сарыбайдың тауып айтқан сөзі, шешен тілі оны атасының баласынан адамның баласына, қазақтың қамал-қорғанына айналдырды. Демек, Сарыбай биге ілтипат – мемлекеттік тәуелсіздік пен тілге, тарих пен тұлғаға, уақыт пен ұрпақтар сабақтастығына құрметіміз».
Жалаири Өмірәлі, Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, з.ғ.д., профессор:
«Қазақ халқының өмірінде ежелден ел тұтқасы болған билер басты рөл атқарғаны белгілі. Әрине, ұлттық билер институтының басында Майқы би, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, т.б. таңдаулы зиялылар тұрады. Осынау ұлы тұлғалар қатарында. сөз бастаса шешен, ел бастаса көсем әрі би Сарыбай Айдос ұлының жолы да, жөні де бөлек екені даусыз. Сарыбай Айдосұлы 1821 – 1890жж Алматы облысы, Жамбыл ауданының аумағында өмір сүрген.
Сарыбай Айдосұлы Сұраншы батырдың үзеңгілес серігі, аса жақсы көретін інісі, қол бастаған батырларының бірі екен. Оны бүкіл еліне сөзін өткізер көсем деп, дауға салар шешенім деп ғұмыр бойы қасынан тастамаған. Екеуі тізе қосып атақты Қарқараның жәрмеңкесіне келгенде, Алатаудың күнгей – теріскейіндегі қырғыз – қазақ, арғы жақтағы қалмақ – қытай, ылдилаған дұнған, ұйғырлар, бүкіл Жібек жолы бойындағы саудагерлер, қалың жұрт түгел өре түрегеліп, қастерлеп, иіле сәлемдесіп, игі жақсылар қақ төрден орын ұсынады екен. Сарыбай он бес жасынан бастап өмірінің соңына дейін ат үстінен түспеген айтулы батыр, Шапыраштының көсемі, биі, әрі шешені болған адам. Кемел жасқа келген шағында Шапыраштының бас биі болып сайланыпты. Оң жақ тізесінде бүкіл қазаққа аты шыққан ақындары, сол жақ тізесінде дулығалы батырлары отыратын Жетісу елінің қадірлі сөз ұстары атаныпты. Сондай – ақ, Сарыбай би – қолы ашық мырза адам болған екен. Әнші, жыршы – ақындарды төңірегіне жинап, оларға ат мінгізіп,шапан жауып, өнерлерін бағалап отыратын жомарт сегіз қырлы бір сырлы жан болса керек. Сүйінбай мен Сарыбай егіз қозыдай бірге жүрген. Сарыекең Сүйінбайдың ақындығын жоғары бағалаған. Ал, Сүйінбай Сарыбайдың би ретіндегі әділдігін, ерлігін ұзақ жылдар бойы халыққа дәріптеген.
Сарыбай бидің үлкен кемеңгерлігі – жас Жамбылды ақын етіп тәрбиелеуі болды. Сарыбай би біреуге ықыласы түссе, оның бірден ырысы тасып, берекесі артып, қатарынан оқ бойы озып отырған».
Жанғара Дәдебаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филол.ғ.д., профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі:
Сұраншы батыр мен Сарыбай бидің заманында елдің ынтымағы мен бірлігіне іріткі салған, малы мен жанына шапқан тынымсыз жау қоқан еді. Қоқанның ел ішіндегі бекіністері, қамалдары, қарулы күштері, елден алым-салық жинаушы шеріктері момын елдің ішінде ойына келгенін істеп, ойран салды. Бастары бірікпеген, жауға қарсы қайрат қылуға жарамаған аз ауыл, шағын жұрт бас сауғалап, қоныс аударуға мәжбүр болды. Елдің жайын, жаудың жан аямас жаулығын көрген батырлар шығып, қол жиды, сарбаз жасақтады, бытырап жүрген жұрттың басын біріктіріп, біртұтас күшке айналдыруды, ынтымағы жарасқан берекелі елге айналдыруды мұрат етті. Сарыбай Айдосұлы ат жалын тартып мінгеннен бастап, ел қорғаған Сұраншы батырдың қасында осындай мұрат үшін күресті. Осындай ерен ерлік істердің бірі Сүйінбай мен Жамбылдың дастандарында, толғауларында көрініс тапқан. Оның көркемдік нәрі тарихи мәнімен маңызды. Онда бейбіт елге қаптаған қалың қол болып шапқан қоқандықтардың зорлығы мен қорлығы туралы хабар алғанда, Сұраншы батыр жауды шабуға ыңғайланады. Ел адамдары жаудың 20 мың қолына 3 мың қолмен қарсы шабу қауіпті екенін айтып қамығады. Сұраншы батыр жау көп екен деп тоқтап қалмайды. Жаудың 20 мың қолына 3 мың қолмен қарсы шабудың және жеңіп шығудың амалын табады.
Сұраншы батыр мен Сарыбай би Алатау аймағындағы қоқан бекіністерін шапты, қоқандықтардың зорлығы мен қорлығына қарсы аянбай күресті. Сарбаздарын бастап, қоқан бікіністерінің жай-күйін, қоқан әскерінің орналасқан жерлерін, бас қоспақ болған мақсаттарын алдын ала біліп, шолғыншылар жіберіп анықтап, оларды қай жерде қалай шабудың амалдары мен тәсілдерін ойлап тапты. Қоқанға қарсы соғыста қоқандықтардың жекелеген қарулы топтарын әскери айламен тұтқиылдан шауып алып отырды.
Сұраншы батыр мен Сарыбай би елге шапқан қоқандықтардан ел мен жерді толық азат етуге бел буды. Осы мақсат жолында қаны мен терін төкті. Сұраншы батыр мен Сарыбай бидің ел ішінде қамал салып бекініп жатқан қоқандықтарды шабуы түрлі дерек көздерінде айтылады. С.Садырбаевтың, М.Жолдасбековтің, Н.Төреқұловтың, Н.Қапалбековтің, М.Үмбетаевтың еңбектерінде олар туралы маңызды дерек көздері ашылған. Осындай дерек көздерінің бірінде қоқан-қырғыз жортуылшылары 1864 жылдың басында Сұраншы батырдың ауылын шауып, 5 мың жылқыны айдап кетеді. Сұраншы батыр оларды 40 жігітпен қуып шығады. Барымташылар көптігіне сүйеніп, бой бермей кетеді.
Қуғыншылардың біразын түсіріп, өздерімен бірге ала кетеді. Сарыбай бидің сұрау салып, ізденуімен Алатау округының приставы қолдау көрсетіп, қоқан-қырғыз жортуылшыларында кеткен мал мен жан қайтарылады.
Сұраншы батыр мен Сарыбай бидің жау қамалына шапқан ерліктерінің Жоңғыларының бірі Шымкент маңында, Сайрамда болған. Сайрамдағы қоқандық билеуші топ Алатау өлкесінің ел-жұртқа белгілі кісілерін айламен қолға түсіріп, пенде қылып ұстаған. Сонда оларды қоқандықтардың тұтқынынан босатып алу үшін Сұраншы батыр Сайрамға шапқан. Батыр қамалдың түбінде жаудың әскерін жеңіп, бетін қайтарады. Cұраншы батырдан жосып қашқан қоқанның әскері қаланың қақпасынан ішіне кіреді. Жауды өкшелей қуған Сұраншы да айқай салып қамалға шабады. Батыр қамалдың қақпасын бұзып, ішіне кіріп, қанмайдан соғыс салады, жау жасақтарын жайпап соғады. Қоқандықтардың қапасында қамауда отырған кәрі-жасты босатып, енді қамалдан шықпақ болғанда, жаудың тың әскері келеді. Осы жайдың кейбір қырларын Сүйінбай Аронұлы «Сұраншы батыр» жырында толғады. Ақынның:
Жасы менен кәрісін
Жау қолынан босатып,
Қамалдан шығам дегенде,
Тыңнан келген көп күшпен
Жаулар тағы қамалап,
Ақтұяқ атын тебініп,
Сұраншы кірді емініп... -дегені батырдың өмірінің ақырғы сәтінің шындықтарын аңғартады. Көп күшпен келген жау Сұраншы батырға алдырмайтындай болған. Сонда Сұраншы батыр соғыстың ақыры қалай болатынын болжап, жанындағы жас батыр Сарыбайға жаудың қоршауын бұзып шығып, елге жетуді, мына жаудан кек қайтаруды тапсырады. Сарыбай Сұраншы батырды жауда қалдырып, өзі аман құтылып кетуді бойына лайық көрмейді. Сонда Сұраншы батыр Сарыбайды көтеріп алып, қамалдың қабырғасынан асыра сыртқа лақтырған екен. Сарыбай жаудан осылай аман қалады. Сонда Сарыбайдың жамбасы шыққан екен деген әңгіме ел есінде сақталған.
Құлмамбет Жамбылмен айтысқанда, осыны Жамбылдың бетіне салық қылғандай етіп айтады.
Жамбылдың Құлмамбетке:
Оның рас -
Сұраншы Саурықпенен жаудан өлген,
Халық үшін шәйіт болып, жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген –
деуінің мәнісі осында.
Сұраншы батыр мен Сарыбай бидің ел қорғау ісіндегі батырлығы, елдің ынтымағы мен бірлігін қалыптастырып, сақтаудағы адамдығы, теңіздей терең ақылдылығы кейінгі ұрпақ үшін адастырмас басты бағдар, баянды бағытқа айналды. Осы бағыт-бағдар негізінде ұлттық рухани құндылықтар жаңғырды. Сарыбай би 1890 жылы 13 сәуірде дүние салды. Сарыбай биге жоқтау арналды. Онда бидің елді қоқандықтардың езгісінен құтқару жолындағы істері мына үлгіде айтылды:
Арғы жағын айтайын -
Ташкент пенен Шымкентті,
Бергі жағын айтайын –
Пішпек пенен Тоқмақты
Сарыекем барып қаратты...
Жоқтауда Сарыбай бидің өміріне қатысты тарихи мәні бар мәліметтер айтылған. Бидің ғылыми өмірбаянын жасауда осы жоқтауда берілген әр мәліметтің тарихи негізінің, деректерінің жаңа көзін анықтаудың маңызы зор. Сұраншы батыр мен Сарыбай би өмірінің өнегесі, елге сіңірген еңбегі, істеген ісі, азаматтық биік тұрғысы, ұстанған қағидалары, адамдық асыл қасиеттері қазіргі заманның, қазіргі қоғамның рухани жаңғыруы мен жаңаруына қызмет етеді».