Алматы қаласында жыл сайынғы «Digital Almaty 2021» халықаралық форумы басталды

Алматы қаласында жыл сайынғы «Digital Almaty 2021» халықаралық форумы басталды

Алматы қаласында жыл сайынғы «Digital Almaty 2021: Цифрлық қайта жаңғыру: жаңа жағдайға серпіліс» халықаралық форумы басталды. Биылғы жылғы форумда Covid-19 пандемиясынан туындаған жаңа цифрлық сын-қатерлер мен жаһандық өзгерістер тақырыбын көтереді.

Форум ЕЭО үкімет басшылары мен цифрландыру саласындағы халықаралық сарапшылардың қатысуымен пленарлық сессиядан басталды. Форумның пленарлық сессиясына Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Қырғызстан Премьер-Министрі Улукбек Марипов, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясникович, Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе мен ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич қатысты.

Digital Almaty форумында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйледі. Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі жағдайда цифрландыру перспективалары туралы өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ, онлайн режимінде Google вице-президенті Винт Серф өз ойымен бөлісті.

ЕЭО үкіметтерінің басшылары мемлекеттер арасындағы цифрлық ынтымақтастықты жақсарту жөніндегі өз пайымдары мен ұсыныстарымен сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі форумның пленарлық сессиясына қатыса отырып, пандемия жағдайында Қазақстан экономикасы тұрақтылықтың жоғары деңгейін көрсеткенін, бұл едәуір дәрежеде мемлекеттік және жекеменшік секторлардың барлық салаларына цифрлық шешімдердің енгізілуінің өсуімен байланысты екенін атап өтті.

«Айқын шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын арттыру жұмысын жеделдеттік. 2020 жылы 20 мың талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы бойынша МЖӘ жобасы аяқталды. 1 000-нан астам мобильді байланыстың базалық станциясы орнатылды, бұл өңірлердегі технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Оның нәтижесінде Қазақстан халқын интернетпен қамту бүгінде 99%-ды құрайды», — деді А. Мамин.

«Digital Almaty 2021» форумы - бүкіл әлемдегі жаһандық және өңірлік цифрлық күн тәртібін, сын-тегеуріндерді, цифрландыру саласындағы шешімдер мен саясатты қалыптастыру және талқылау үшін негізгі алаңдардың бірі. Отандық IT-шешімдерді қолдау және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі, өңірлік әріптестермен іскерлік қатынастарды ілгерілету және цифрландыру жобаларын танымал ету – биылғы форумның негізгі тақырыптары болып саналады.

Күн тәртібінің екінші жартысында форум алаңында түрлі тақырыптардағы 12 панельдік сессия өтеді, онда сарапшылар денсаулық сақтауды цифрлық трансформациялау, білім беру ортасындағы жаңа сын-тегеуріндер, АТ-экожүйе және венчурлық капитал, құрылыс саласын трансформациялау мәселелерін, сондай-ақ пандемия кезеңінде индустрияны дамыту және цифрлық сауаттылық пен қауіпсіздік үшін маңызды басқа да тақырыптарды талқылайды.

2021 жылы форум біріккен форматта, сондай-ақ іс-шаралардың басым бөлігі онлайн түрде өткізілуде.