«Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» жаттығуы аяқталды

«Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» жаттығуы аяқталды

2020 жылғы желтоқсанның 6-нан бастап 12-не дейінгі мерзімінде Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, «Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» жаттығуын өткізді.

Кибержаттығу «Қазақстанның Киберқалқаны» техникалық жүйелерінің тиімділігін тексеруге, сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздік инциденттеріне ден қоюға дайындық деңгейін айқындауға бағытталған.

Жаттығу нәтижелері бойынша еліміздің цифрлық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына қатысты ақпараттық және кибершабуылдарға қарсы іс-қимыл бойынша өңір ауқымында бірегей тәжірибе алынды. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі проблемалық мәселелер анықталды.

Мемлекеттік органдардың инфрақұрылымына және Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне кибершабуылдарды тергеу шеңберінде жедел штаб құрылды, шартты бұзушыларды іздеуге және киберқылмыстардың дәлелді базасын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізетін тиісті топтар құрылды.

Бұдан басқа, екі «киберджихадшыны» ұстау бойынша іс-шаралар өткізіліп, заңға қайшы әрекеттердің іздері анықталды. Ұстау, тінту, заттай дәлелдемелерді жинау және шартты бұзушылардан жауап алу барысы БАҚ-та материалдар дайындау мақсатында фото, бейне тіркеумен және оқу бейнефильмімен ұсынылды.