Балалары Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылған және шетел мемлекетінің туу туралы куәлігі бар Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының аумағында тууды тіркеу туралы және қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлік алу мүмкіндігі бар екенін еске саламыз.
Мұндай мүмкіндік неке және отбасы заңнамасындағы өзгерістерге байланысты пайда болды.
Мысалы, егер бала Өзбекстанда туылса және туу туралы куәлік туған жерінде берілсе, онда жаңа түзетулерге сәйкес ата-аналар кез-келген тіркеуші органнан баланың нақты туған жерін көрсете отырып, қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлік ала алады.
Бұл жаңалық ата-аналарға электронды түрде мынадай мемлекеттік қызметтерді: мектепке дейінгі мекемелерге кезекке тұру, медициналық ұйымдарға тіркелу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және т.б. сияқты алуға мүмкіндік береді. Жеке кабинетте ата-аналар баланың деректерін ЖСН арқылы жинай алады.
Бұл ретте Минск және Кишинев конвенцияларына енгізілген елдерді қоспағанда, шет мемлекеттер берген құжаттарды заңдастыруды немесе оларға апостиль мөртаңбасын басуды ескеру қажет (Кодекстің 280-бабы). Яғни, мұндай тіркеу үшін, мысалы, Қытай, Моңғолия немесе Германия республикалары берген құжаттарды міндетті түрде заңдастыру (апостильдеу) қажет.
Қызмет ата-аналардың біреуінің белгіленген үлгідегі өтініші бойынша тегін көрсетіледі. Бұл ереже кәмелетке толмаған балаларға ғана қатысты.
Құжаттар тізімі:
сәйкестендіру үшін өтініш берушінің жеке куәлігі,
баланың туу туралы куәлігі және қажет болған жағдайда оның нотариалды куәландырылған көшірмесі және аудармасы,
неке қию туралы куәлік (әке болуды анықтау туралы куәлік) және қажет болған жағдайда оның нотариалды куәландырылған көшірмесі және аудармасы,
шетелдік құжаттарында заңдастыру мөртаңбасы (апостиль) басылған болса да оның нотариалды куәландырылған көшірмесі және аудармасы.
Екібастұз қаласы әкімдігінің
АХАТ бөлімі басшысы М.Сатвалдинова