Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жөніндегі кезекті ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жөніндегі кезекті ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысында әділет және ішкі істер органдарының электрондық апостильдеуді және қызметтерді автоматтандыру мәселелері қаралды.

«Электрондық үкіметтің» бюджеттік қаражаты мен ресурстарын ашық және ұтымды жұмсау мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдар үшін құжаттарды электрондық апостильдеудің бірыңғай құралы ретінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Е–апостиль» сервистік бағдарламалық өнімін пайдалану жоспарлануда.

Сондай-ақ, заңды тұлғаларды тіркеу және жылжымалы мүлік кепілін тіркеу сияқты қағаз құжаттарды ұсынуды болдырмау және процесті оңайлату үшін әділет органдарына «Е-нотариат» жүйесі арқылы деректерді «алу» мүмкіндігін пысықтау бойынша шешім ұсынылды. Бұл сенімхаттар немесе мемлекеттік органдарда міндетті тіркеуді қажет ететін мәмілелер немесе әрекеттер туралы деректер болуы мүмкін.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметінің функцияларын «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ жұмыскерлеріне ішінара беру (азаматтарды қабылдау), құжаттандыру мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынды. Бұл ХҚКО-да кезектердің жиналуын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жақын арада пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда.

Мәжіліс мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің және цифрлық комиссарлардың қатысуымен өтті.