Маңғыстау ауданы әкімінің Тұщықұдық ауылының тұрғындарымен кездесуі.

Маңғыстау ауданы әкімінің Тұщықұдық ауылының тұрғындарымен кездесуі.
11.11.2025ж Аудан әкімі Тұщықұдық ауылындағы инфрақұрылым және әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты
 
Аудан әкімі Ғалымжан Ниязов жұмыс сапарымен Тұщықұдық ауылына барып, бірнеше нысанды аралады. 
 
Сапар аясында аудан әкімі құрылысы аяқталуға жақын орналасқан өрт сөндіру депосының жағдайын көрді. Жалпы ауданы 204 шаршы метрді құрайтын нысанда 2 өрт сөндіру көлігіне арналған гараж, қызметкерлерге арналған жұмыс, демалу, санитарлық және қосымша бөлмелер қарастырылған. Бұл бөлімшеде 8 өрт сөндіруші қызмет атқаратын болады.
 
Кейін аудан басшысы су тарату орталығында болып, Көңдіқұдық–Тұщықұдық су құбыры құрылысымен танысты. Су сорғы, тазарту және құю құрылғыларының орнатылу барысын бақылап, мамандардан ақпарат алды. Жоба іске қосылғанда, Тұщықұдық пен Шебір ауылдарына су бұрынғыдай Қиғаш трассасымен ғана емес, қосымша жаңа бағыт арқылы жеткізіліп, сумен қамту сапасы жақсарады деп күтілуде.
 
Сапар барысында С.Жанғабылұлы атындағы мектептің ағымдағы жөндеу нәтижесін көрді. 
 - Бұл білім ордасы құрылысы 1980 жылы салынған, соңғы рет 2019 жылы жөнделген болатын. Биыл ауқымды жұмыстар жасалып ғимаратымыз жаңарып қалды,- деді мектеп директорының міндетін атқарушы Толқын Дощанова.
 
Сондай- ақ, салынып жатқан ветеринариялық пункт құрылысын көрді, мәдениет үйінде тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарын тыңдады. Ауыл тұрғындары әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді.
 
Аудан әкімі көтерілген мәселелердің ескерусіз қалмайтынын, барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.