Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаңа логотипін таныстырды. Логотип Қазақстанның жоғары технологиялық әрі тұрақты цифрлық экожүйесін құруға бағытталған стратегиялық бағытын бейнелейді.
Шеңбер – ұлттық мәдениет пен бірліктің негізі саналатын шаңырақты, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық ауқымын және әлемге ашықтығын білдіреді.
Шеңбер ішіндегі төртбұрыш пішіндер – ұлттық ЖИ инфрақұрылымының негізін құрайтын микрочип пен суперкомпьютерлік жүйелерге сілтеме.
Тор үлгісі – цифрлық матрицаны еске салады. Мұндағы әрбір ұяшық жалпы қозғалыстың: мемлекет, бизнес, ғылым мен қоғамның элементі.
Логотип түстері – дәстүр сабақтастығы мен болашаққа ұмтылысты бейнелейді.
Жаңа таңба жоғары технологиялар мен ұлттық құндылықтардың символикасын біріктіріп, министрліктің миссиясын – жасанды интеллект пен цифрландыруды тұрақты дамудың және жалпы өркендеудің қозғаушы күшіне айналдыру мақсатын көрсетеді.