Іс-шара мемлекеттік құрылым, бизнес пен халықаралық серіктестерді біріктіріп, киберқауіпсіздіктің стратегиялық рөлін, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа формаларын талқылауға мүмкіндік берді.
Форумның ашылуында ҚР ЦДИАӨМ вице-министрі Досжан Мұсалиев сөз сөйлеп, цифрлық трансформация елдің стратегиялық басымдығына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде миллиондаған азамат пайдаланатын цифрлық сервистер жұмыс істейді. Электрондық үкіметтің орнықтылығын арттыру үшін жаңа қорғаныс құралдары енгізіліп, ақпараттық жүйелерді даму кезеңдерінің барлық сатысында қорғау қарастырылған.
Киберқауіпсіздіктің қоғамдағы рөлі туралы пікірін ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова да білдірді. Оның айтуынша, киберқауіпсіздік бүгінде тек негізгі цифрлық жобаларды қорғау ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік егемендікті және дипломатияны нығайтудың құралы болып отыр.
«Қазақстан көрші елдермен CERT-орталықтар желісі арқылы белсенді ынтымақтастық орнатып, бір мезгілде БҰҰ мен ЕҚЫҰ жобаларына қатысуда. Мысалы, өткен жылы ЕҚЫҰ аясында халықаралық осалдық жөнінде ақпарат алмасуға арналған цифрлық платформа жөніндегі келісімге қол қойылды. Халықаралық ұйымдар біздің жұмысымыздың тиімділігін растайды: БҰҰ рейтингі бойынша Қазақстан халықаралық стандарттың 90%-дан астамын орындап отырған мемлекеттердің қатарында. Бүгінде еліміз ТМД мен Орталық Азияда көшбасшы орынға ие», — деп атап өтті ол.
Форумда балаларды цифрлық ортада қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Киберқауіпсіздікті дамыту басқармасының басшысы Ерболат Қалим Қазақстан кешенді тәсілді қолданатынын тілге тиек етті. Атап айтсақ, заңнаманы жетілдіру, зиянды контентті бұғаттау, арнайы порталдар мен жедел желілердің жұмыс істеуі, сондай-ақ білім беру бастамалары. Ерболат Қалимнің сөзінше, негізгі міндет – кибер-гигиена мәдениетін ерте жастан қалыптастыру.
KazHackStan 2025 аясында үш негізгі бағыт талқыланады:
1. Стратегиялық ландшафт – киберқауіпсіздік цифрлық егемендіктің элементі және жаһандық трансформацияның бөлігі ретінде.
2. Жедел әрекет ету – қатер туралы ақпарат алмасу және бірлескен тергеу жұмыстары.
3. Киберкеңістіктің болашағы – мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестіктің жаңа үлгілері, халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
KazHackStan 2025 өңірлік кибертұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және қоғамды цифрлық дәуірде қорғауға бағытталған маңызды қадам.