ЦДИАӨМ-де киберқауіпсіздік саласындағы IT-нарық өкілдерімен кездесу өтті

ЦДИАӨМ-де киберқауіпсіздік саласындағы IT-нарық өкілдерімен кездесу өтті

Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде (ЦДИАӨМ) IT-нарық өкілдерімен және киберқауіпсіздік саласындағы жетекші сарапшылармен кездесу өтті.

Іс-шараға Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы АКТ, білім және инновациялар Комитетінің төрағасы А. Болатжан, ҚР ЦДИАӨМ ҚК төрағасы, "Қазақстандық АТ-менеджерлерінің қауымдастығы" ҚБ Басқарма мүшесі А. Беклемишев, "Қазақстандық ақпараттық қауіпсіздік қауымдастығы" ЗТБ төрағасы В. Покусов, "Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы" ЗТБ (TSARKA) Президенті О.Сатиев, сондай-ақ ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік саласындағы мамандар қатысты.

Жиында киберқауіпсіздік, кибергигиена, “Киберқалқан 2” тұжырымдамасын жүзеге асыру, киберқауіпсіздік саласындағы мамандар тапшылығы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікке жаһандық қауіптер мәселелері талқыланды. Қатысушылар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және ақпаратты мемлекеттік және жеке деңгейде қорғау шараларын талқылады.

Министр Жаслан Мәдиев тұрақты киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен жеке сектордың тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Ол деректерді қорғау және сенімді киберқорғаныс инфрақұрылымын құру бойынша жүйелі және кешенді шараларды қабылдау қажеттігін жеткізді. 

Сонымен қатар Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов халық арасында кибергигиенаны дамытуға ерекше назар аударып, осы салада жүзеге асырылған бастамалар туралы баяндады.  Соның ішінде eGov mobile мобильді қосымшасында іске қосылған «СТОП-кредит» қызметі – банктен несие алудан ерікті түрде бас тарту мүмкіндігін атап өткен жөн. Бүгіннің өзінде аталған қызметті 4,5 миллионнан астам тұрғын пайдаланған. Сондай-ақ ел тұрғындары үшін ақпараттық қауіпсіздік негіздерін үйрете алатын citizensec.kz және nomadguard.kz атты оқыту платформалары іске қосылды.

Осылайша, бүгінде citizensec.kz платформасында 5 мыңнан астам адам киберқауіпсіздік саласында өз білімін жетілдіре алған. Шамамен 7 сағатқа созылатын онлайн курстар жеке деректерді қорғау, фишингке қарсы күрес, цифрлық этика, құпия сөзді қауіпсіз басқару және т.б. тақырыптарды қамтиды. Бағдарлама мемлекеттік органдардың мамандарымен қатар, басшылары үшін де әзірленген. Олар үшін ақпараттық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру бойынша әдістемелік ұсынымдар көзделген.

Министр Жаслан Мәдиев ақпараттық қауіпсіздік Комитетіне кибергигиена мәдениетін көтеру және цифрлық алаяқтықтың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ол сонымен қатар IT-компанияларды министрліктің цифрлық сауаттылықты арттыруға және азаматтарды киберқауіптерден қорғауға бағытталған бастамаларын қолдауға шақырды.

Кездесу соңында қатысушылар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға жұмыстардың маңыздылығын айта отырып, ұлттық киберқауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді.